ЕТ ДАЯРЛАНЫМ НЕГІЗІ МЕН КЕЛЕШЕГІ

Үкіметтің жуырдағы мәжілісінде елдің 2019 жылдың бірінші тоқсаны ішіндегі әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері қаралды. Межелі істің басым бағыттарына қоса республикалық бюджеттің атқарылым реті белгіленді. Шикізаттық емес экспортты өрістету, Ұлттық экспорттық стратегияны іске асыру реті әңгімеге негіз болды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы Сапархан Омаров осы жиында сөйлеген сөзінде өз саласындағы міндеттердің жүзеге асырылымы туралы ақпарымен бөлісті.

Сонымен, мемлекеттік агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасында өңделген ауыл шаруашылығы өнім экспортын 2021 жылға дейін 2,4 миллиард долларға дейін жеткізетін жоспар баршылық. Былтыр жалпы 3,5 миллион тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды, экспорт географиясы кеңейтілді, әлемнің 48 еліне тарады.

Айта кететін жайт, елдің ауыл шаруашылығы өнімінің экспорттық әлеуетін республикамыздың өнім дайындаушылары қамтамасыз етіп келеді.

Бүгінгі әңгімеміз Ерейментау ауданының Новомарковка ауылында орналасқан ірі ауыл шаруашылығы жайында өрбімек. «Жаңа береке» ЖШС-нің бас директоры Айдар Сағадиұлы Нығметовпен жүздестік. Тілші сауалына берген жауабында жерлесіміз шаруашылықтың негізгі кәсібі, алдағы басым бағыты, Елорданы азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін шешуге әлеуетті клиент тартылымы, облыс пен республика нарығына ұсынылатын өнім сапасының жақсартылымы, әрі қарай әлемдік нарыққа шығу ыңғайы аясында әңгіме өрбітті.

Сөзіміздің кіріспесінде назар аударылған жайт, біздің кәсіпорынның негізгі жұмыс бағыты етті мал шаруашылығын өркендетуге, өнім ұқсатуға арналған. Жақын арада «Алтын таға» атты агрохолдинг болып құрылуды жоспарладық. Оған мүмкіндігіміз жеткілікті, ниетіміз де баршылық. Біз етті мал шаруашылығын құруға арналған «Сыбаға» бағдарламасын жүзеге асыруға үн қосамыз. Кәсіпорынның құрамына Ақмола облысының бірнеше фермерлік шаруашылығы, осы санатта Өлеңті ауылдық округінде қазақтың ақбас және Ангус тұқымды ірі қара өсіретін «Айдар» шаруа қожалығының репродукторы да баршылық. Новомарковка ауылындағы ет тұқымдас мал өсіретін «Жаңа береке» ЖШС мен Ақсуат ауылындағы еділбай тұқымдас қой күтетін біздің бөлімшеміз қатарымызға қосылады. Оған қоса меринос тұқымды биязы жүнді қой сатып алатын жоспарымыз баршылық.

Серіктестігіміздің қарамағында қалмақ тұқымдас 1000 бас аналық мал ұстайтын репродуктор жұмыс істеуде. Олардың өз жоспары баршылық. Бір мезгілде 3000 бас мал ұстайтын бордақылау алаңы іске қосылған. Әр ауысымда 30 ірі қара сойылатын, еті ұқсатылатын әлде жылына 10000 тонна өнім дайындайтын желі жұмыс істейді. Көршілес Целиноград ауданының Қосшы ауылындағы ет комбинатында толық қуатында жүктеме жоқ. Сондықтан халықпен жаңа жұмыс стратегиясын қабылдаған. Кәсіпорынға да, мал өсіретін ауыл тұрғынына да, өзара пайда беруі тиіс бұл жүйеге қысқаша тоқталғым келеді.

Мал семіртетін орынға төл тапсырған тиімді болмақ. Ірі қара етінің экспорттық әлеуеті бағдарламасы аясында алаңға 2159 бас өгізше өткізілуі тиіс. Бұл бүкіл ауданға арналған тапсырма. Үстіміздегі жылы «Жаңа берекенің» алаңы жалға өткізілетін 114 бұқа сатып алды. Жыл басынан бері бордақыға 29 түлік қабылданды. Жыл соңына дейін тағы 1900 мал сатып алатын жоспар бар. Алаңда өзіміздің 123 бас малымыз қоса күтілуде. Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен ережеге сәйкес, біз қоғамдық табынға тұқым жақсартылымына лайықталған бұқаны тегін қосамыз. Көктемнен бастап бағылым мерзімі біткенше 25 сиырға бір бұқа жіберіледі, кейін ол шаруашылыққа қайтарылады. Қазіргі таңда 25 шаруа қожалығы мен кооперативтен тапсырыс түсті. Ізінше мал семіртетін алаңымызға салмақ дәрежесі 200-300 келілік 7-15 айлық өгізше қабылдаймыз. Мал тапсырған шаруащылық басшысына әлде АӨК өкіліне артық салмақтың әрбір келісіне 200 теңгеден субсидия есептеледі. Оған қоса мал өсіріліп-бордақыланған кезде толық оңалғанша өгізше құнының 30 пайызы шамасында алғы төлем қарастырылған.

Бүгінгі таңда аудан аумағында бүкіл төрт түлік басын көбейтуге лайықты мүмкіндік мол. Дегенмен құнарлы жайылымның аздығы, су тоғанының жоқтығы, климаттық жағдай мал иелерінің игі ісіне қолбайлау болады. Биыл азық қорын молайту мақсатымен жүгері мен пішендемеге лайықты 600 гектар алқапты суландыруды жоспарладық. Шаруашылығымыздың жалпы егістік алаңы – 2400 гектар. Оған да малазықтық дақыл, арпа, пішендеме себеміз. Көктемгі егіске қажетті техника мен тұқым дайын тұр. Егін себу, түсім жинау науқанының уақтылы өткізілетініне үміттіміз. Бұл өндірісімізді қалыпты өркендетуге негіз болатын басты міндет. Алыс-жақын шет ел нарығына шығу міндетімен үйлесу мақсатында тауарымызды әлемдік стандартпен үйлестіруіміз шарт. Бұл негіздегі жұмыс бағытымыз тұрақты ветеринарлық бақылауға, тауар сапасына көңіл бөлуге арналмақ.

Кәсіпорын өз өнімін тұтынушысына ұқсатылған күйде ұсынуға түпкілікті ден қойып отыр. Сапалы балғын етті, дәмі тіл үйіретін шұжық өнімін Елордамыздың 13 дүкенінен алуларыңызға болады, осы қатарда Ақмола облысы өндіріс иелерінің өнімі өткізілетін «Ақмолдың» төрт дүкені баршылық.

Бәлкім, бұл өндірістік желі қарыштап дамуы үшін ет дайындайтын, тұрақты табыс табуға, өз тұрмысын оңалтуға талпынған, барлық ниет-тілегі бір барлық жандардың жұмылған жұдырықтай ынтымақ-бірлігі, келісімді іс-қимылы болғаны жөн шығар.

Раушан НҰРҒАЗИНОВА