АҒА БУЫННЫҢ ӨНЕГЕ-ТӘЛІМІ КӨП

«Өмір деген күрес», – дейді ғалымдар. Өмірде көпті көрген, өз тәлімін өзгеге де молынан үйретіп келе жатқан, ел қатарлы атажұртқа қоныс аударған аға буын өкілдері Торғай ауылын мекен етуде. Бұл кісілердің талай ерлік істері жайында естіп те, кеңесіп те, жүретінбіз. Бүгін тағы да кездесудің сәті түсті. Сөз орайын жақсы түсінетін әзілді де әңгімені де қызыға тыңдайтын ерекше қасиетке ие адамдар. Бұл жолы кенже жиенінің үйлену тойында жолықтық. Қыз, күйеу баласы алпыстың бел ортасынан асқан ел ағалары. Бұлардың ата-енесі Уатхан Әділқожаұлы мен Үмітхан Түсіпқызы өткен ғасырдың елуінші жылдарының басында өз жүрек қалауымен қосылып шаңырақ көтергеннен бері «Темір той» мерзімінен асып «Тас той» мерзіміне де таяп қалыпты. Өмірдің ащы-тұщысын бірге көрген, екі ұл, бес қыздан ұрпақ өсіп-өнген үлкен бір әулетке айналды. Туған жері – Моңғолияның батысындағы Ресеймен және Қытай елімен шектесетін табиғаты да, ауасы да таза Цэнгэл елді мекені. Бұл атаудың мағынасы «Той думан» «Шат-шадыман» мағынасын білдірсе керек. Таулы өлкенің ауасын жұтқаннан ба?, Әлде, қаншама дертке дауа Ақсу арасанының суын ішкеннен бе? Әлде Жаратқанның берген сыйы ма? Әлде саламатты өмір салтына бейімділігі ме? Әлде оқыған бес уақыт намаздың әсері ме? – Әлі де денелері тік, бойы сергек. Сексеннің бел ортасынан асып, тоқсанға жуықтап қалса да, басқаның көмегіне зәру емес. Үй тірлігінің бәрін Әділқожаның бес баласының Үлкені Уатхан өз мойнына алған. Яғни әкесі шешенің де қолқанаты. Сол себептен мектептен кейін білім жолын жалғастырудың ыңғайы болмаған. Жастайынан зерек, пысық, қимыл-қозғалысы ширақ болып өскен тұңғыш ұл сауда саласына еңбекке араласты.Тиісті міндетін он жылдай абыроймен, мінсіз атқарды.
Елді мекендерде ұжымдастыру науқаны қауырт етек алған кезде, ауыл шаруашылығында бақ сынауды жөн көрді. Қолына құрық алып жылқы бақты. Арқанды екі тастамайтын қасиеті, бесті асауды үйреткен мықтылығы аңызға айнала бастады. Өмірдің өзі солай үйретті ме, әлде ерекше дарын бар ма? – көптеген бұйымды өзі қолдан жасайтын болды. Темірден түйін түйетін ұста ретінде таға-шеге, ауыздық секілді ат әбзелдерінен бөлек, күмістен бұйым әзірледі. Ағаштан киіз үй мен үй жиһаздарын, тері илеп, арқан-жүген, ер-тоқым жабдығын жасады. Қандай жұмыс болса да, жатсынбай, алдыңғы топтан көрінетін еді, – дейді Дәкей ақсақал, қол шалғымен шөп тартқанда адам ілеспейтін. Игі еңбегімен бірнеше саңлақ тартпашы атанды, – деп сөзін жалғады Түгел қарт. Осы өнердің бәрін қалай үйреніп, қалай меңгергенін сұрағанымызда: «бәрін өмір үйретті», – деп қысқа қайырды. Мақтанып мен соны істедім деп айтпады. Ауыл жұмысының табысты болуы құрал-жабдыққа байланысты. Сондықтан оларды күтіммен-баппен ұстау керек дегенді қосып айтты, бұл да жастарға уағыз болмақ. Үмітқан ұзақ жыл мал шаруашылығында еңбек етті, қолда барды сәтімен ұқсатты, сүт тағамын әзірледі.
Ерлі-зайыптылар «Алтай шыңы» бірлестігінің іргетасын қаласқан адамдардың бірі ретінде тарихта аты қалды. Оларды өткен ғасырдың соңғы жартысындағы сал-серілердің жалғасы деуімізге әбден болады. Негізгі еңбегінен бөлек, бүркітін баптап, аңшылық-саятшылыққа да зор ықылас танытты. Жазда баптаған сәйгүлігін аламанға қосатын.
Балалары да естелігімен бөлісті. Әкемнің жүйрік қара аты болған. 1967, 1975, 1977, 1981 жылдары сұмындағы бәйгені алып, ара-тұра аймаққа апарып қосып жүрген еді. Жануарға қастандық жасалды, бәрі көре алмастықтың салдары ғой, деп өкінішін жасырмады. «Ол кісі жылқыны жақсы танитын, керемет күтіп баптайтын», – деп Төлеухан қостады. Бұрынғы сал-серілердей топтанып жүрмесе де, жолдастарымен саят жасайды екен. Торғай орта мектебінің директоры Жеңіс Атайұлы ол кісілермен көптен бері дәмдес екенін айта келе: – «Апайымыз керемет әнші, балалары да сол кісіге тартқан болар, түгелдей ән айтады, Тойғабыл осы мамандықты меңгерген, Ақансері мен Ақтан жыл сайынғы көркемөнерпаздар байқауында бақ сынаған, немерелері де түгелдей өнерлі», – деп әңгімесін аяқтады. Немересі Қобыз ауданға танымал ақын. Жасы жиырмаға жетпесе де, екі жинақтың авторы. Бәрі отбасынан алған тәлімнің жемісі. Ең алғаш ауылдарда «Қызыл үй» «Қызыл бұрыш» атауымен құрылған, бертін Клуб атауын мәңгілік иеленген мәдениет ошағының белсенді мүшесі де болыпты. Үмітхан апайдың айтыс өнерін игергеніне Қабдолдамен, Қара Хамитпен, Аусылтаймен айтысы дәлел. Өкініштісі – жазба түрінде сақталмаған, куәгерлер арқылы мәлім болған. Ауылда өскеннен бе, ат құлағында ойнағаны, Қыз қууға қатысқаны туралы Моңғолия жерінде «Ұлттық дәстүрді сақтаған» деген кино түсірілгенін, ара-тұра «Еларна» арнасынан көрсетіп тұратынын Ақтан баяндады. Моңғолия Үкіметінің басшысы Батмөнх осы жиынға арнайы шақырумен қатысыпты. Бұл ауыл жаз айында биік жонға барып жайлайтындықтан «Сырғалы» және «Аралтөбе» заставасының басшылары арнайы келіп ақыл-кеңес алып қайтады екен. Бұл да ол кісілердің көрегендігін, ақыл-ойының кемелдігін дәлелдейді. Әулеттің қызы Тәртіпхан мен күйеу баласы Бақытхан Солтүстік Қазақстан облысында, Барқыт пен Мархаба, Ақансері мен Нұргүл, Ақтан мен Болатгүл, Роза мен Имантай отаулары ауылдас қоныстанған. Басқа балалары Моңғолияда екен. Қазақ ұлттық қолөнерін кеңінен қолданып, өзіндік қолтаңбасын қалдырған осындай аға буынның еңбегін ұрпақтарға насихаттап игертсе тамаша болар еді. Бұл рухани жаңғырудың бір тетігі, Ұлы даланың жеті қырының айқын үлгісі болмақ. Көргені көп көне көз абыз қариялардың еңбегі жас ұрпаққа молынан тәлім болары хақ.
Әдебиет БАЙДОЛДАҰЛЫ.
Новомарковка ауылы.