БЕЙҚАМДЫҚҚА ТІЛІМІЗДІ ТІСТЕЙМІЗ

Сәуірдің алғашқы күндерінде жәрмеңке қалашығында балалардың қалай футбол ойнап жүргенін аңғардық. Ойынға қажетті нышанның бәрі осы жерден табылды.
Байыптай келсек – олар таза, құрғақ алаңға шығып жүрген, футбол секциясына қатысатын оқушылар екен. Бір таңқаларлығы: ересектер кеткеннен кейін ойыншылардың орнын жақын маңайдағы үйлерден жиналған кішкентайлар алмастырды. Біз бапкерге жолықтық та, аяқдопшыларымыздың дәстүрлі алаңқайдан қоныс ауыстырған себебін сұрастырдық. Ол жердің әзірше сыз тартқаны, тазартылмағаны белгілі болды. Әйтседе балалар шуақты күннің аясында бой сергіткенді жөн көреді. Әрине, қаламыздағы бірегей аяқдоп алаңының қазіргі жағдайы қызықтырды. Біз суретке түсірген сәтте ертегідегі Алдар Көсенің шапанына ұқсаттық. Мүмкін, бұрынғы төсем қалдықтарын жинап алып, орнына жаңасын төсеуіміз керек шығар. Секцияға ер балалар барады. Тек, неге екені белгісіз, көп жеріндегі темір торлы қоршауы жұлынып қалған. Оны ұқыптылық ниетпен өз күшімен жөндеп алуға әлде қысқаш ұстауға, сым бұрауға қолының ебі келетін ата-ананы шақыруға болар еді. Ізінше маңайдағы жандар бізге жастар айналысатын Стрит воркаут алаңына баруымызды ұсынды. Ниет болса – бұлшық етті жан-жақты шынықтыруға әбден болады, оған лайықты жаңа құрал-жабдық баршылық, алайда… Себебі алаң тағы да ұсақтап сындырылған бөтелкеге лық толы. Жастардың ең «ширақ» шоғыры шыны ыдысты сындыру мақсатына тренажерды пайдаланатыны белгілі болды. Түбірімен бұратылған кіреберіс темір шарбағы да күші тасығандардың ермегіне айналыпты. Редакцияға кері қайтар жолда балалар алаңының төңірегі арқылы өттік. Бұл жерде де кішкентайлар аттракционының қатары азайған, яғни оны ересек балалардың істен шығарғаны айтпаса да белгілі. Құм алаңқайына құм төселмеген, бір жақ бүйірі жұлынып қалған, бейқамдығымызға іштей наразы екенін анық байқата ма, қалай өзі?!
Раушан БАРЖАҚСЫ.
Суретті түсірген автор.