БІЗДІҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІМІЗ ҚАНДАЙ?

Қаламыздың Балалар шығармашылық үйінде «Парк шеруі-2019» халықаралық табиғат қорғау акциясына және Ереймен өңірінде туризмді дамытуға арналған дөңгелек үстел жиыны ұйымдастырылды.
Шаршы топқа «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің, аудандық білім бөлімінің, жастардың ресурстық орталығының, аудандық тарихи-өлкетану музейінің, кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының, Нұр-Сұлтан мен Ерейментау қаласындағы бизнес құрылымдарының өкілдері, журналистер жиылды. «Бұйратау» ұлттық табиғи паркі бас директорының ғылым бойынша орынбасары Е.Т.Мизембаев бүгінгі шараның өткізілім мақсаты мен міндетіне тоқталды. Ол өңірімізде төртінші жыл ұйымдастырылған «Парк шеруі-2019» халықаралық табиғат қорғау акциясының ашылымымен орайластырылып отыр. Көпшіліктің назарына ұлттық парк аумағында «Парк шеруінің» өткізіліміне арналған бейнефильмнен танымдық ақпарат ұсынылды. Қызғалдақты негізгі нышанына айналдырған, әртүрлі табиғи өсімдік пен жануарлар дүниесін сақтауды, хайуанаттар мен құс санын көбейтуді негіздейтін көрініс көңілден шықты. Қоршаған ортаға ұқыптылық көзқарас, халық арасында, оқушылар ішінде экологиялық туризмді насихаттау идеясы басты тақырыпқа айналды. Оған «Құмырсқаның илеуін сақта», «Таза бұлақ», «Әрбір құсқа жеке ұя», «Бүкілдүниежүзілік ағаш егу күні» акциясы, суретшілер конкурсы, өңірдің сан түрлі өсімдіктер мен жануарлар дүниесін зерттеуге арналған ғылыми жұмыс, Ұлттық парк қызметкерлерінің мектеп пен колледждегі әңгімесі, концерт, шағын спектакль, басқадай танымдық-тағылымдық шаралар кіреді. Бәрі де туған өлкенің табиғатына жанашырлық ниетіне баланың назарын аудартуды көздейді. Аталмыш акция биыл 23 наурыздан 5 маусымға дейінгі аралықта өткізілмек.
Экологиялық ағарту және туризм бөлімінің бастығы М.А.Редько бұл өңірдің туристік тартымдылығы, бай тарихи негізі, туристерді қызықтыруға арналған амалдар, осы саладағы жұмысқа кәсіпкерлерді араластыру аясында ақпар берді. «Бұйратау» МҰТП аумағында туризмді дамытудың бас жоспарына» тоқталды. Бұл құжатқа сәйкес 2015 жылдан бері қысқамерзімдік (5 жыл), ұзақмерзімдік (49 жыл) негізде туризмді дамытуға арналған бос алаң бөлінуде. Нысаналы мақсаты –түрлі ойын-сауық алаңшасымен экотуризмді, демалыс аймағын, туристік базаны кеңейту. Бұл орайда жалгерлердің санитарлық тазалыққа, бюджетке салық төлеміне жауапкершілігі жайында айтылды.
CAGG компаниясының бас директоры Әділхан Мусиннің әңгімесі көңілден шықты. Ол «Бұйратау» МҰТП мен бизнес-құрылымдарының алдағы өзара әріптестік тетігі мен басымдығын бірден белгілеп берді. Бизнесмен жергілікті туризмге қаржы құйған жағдайда қоршаған табиғаттың сақталымына, аймақтың туристік әлеуетіне, тартылған инвестицияға, қаржының қайтарылым мерзіміне, атқару билігімен өзара әріптестікке қатысты мәселенің қалай шешілетінін нақты білгісі келді. Шет елдік туристерді тарту үшін көлік инфрақұрылымы: қолайлы жол, теміржол қатынасы, тікұшақ алаңы, қалыпты жарық пен ауыз су желісі болуы шарт. Жол төселімі, скважина қазылымы, электр сымының тартылымы кімнің есебінен жүргізілмек?
Сапалы көрнекі жарнаманың, фотосурет, бейнекөріністің жоқтығы да назар аударарлық мәселе. Сөз жоқ, осындай жағдай ойластырылса – Ерейментау ауданының аумағында туризм аясының кеңейтілімі жайында айтуымызға әбден болады. Жалгерлік қаржының 5 жылда қайтарылатынына күмән келтірді. «Бұйратаудағы» кәсіптің жеңілдік шарттарына ден қойды. Шағын да ақылға қонымды сөз түйінінде Сұңқарқия тауының келешегін қалай елестетесіздер?, Сіздерде бизнесті дамыту жобасының есебі бар ма?, деген негізгі сауалды оқығандай болдық.
Е.Т.Мизембаев экологиялық туризмді дамыту саласымен айналысатын «Авалон» қоғамдық қорының жобасының жүзеге асырылымы туралы әңгімеледі. Үшінші жыл қатарынан жұмыс істеп жатқан балалардың Сұңқарқиядағы жазғы туристік лагері туралы айтылды. Бір кездері Алғабас аумағында жұмыс істеп келген «Батыр» жазғы туристік лагері де әңгіме болды. Дегенмен, өкінішке қарай, Ерейментау ауданы балаларының мұндай мүмкіндігі жоқтың қасы. Сапалы альпинистік құрал-жабдығы, қаржысы, сәйкестелген органдардың іс-қимыл келісімі жоқ.
Дөңгелек үстелге қатысушылардың бәрі экологиялық туризмді дамытуға қатысты өз пікірімен бөлісті. Ол пікір алмасуға, басым бағытты айқындауға молынан негіз болды. Ақмола облысының спорт және туризм басқармасы жанындағы алдағы үйлестіру туристік кеңесінде қозғауға тұрарлық тақырыпқа айналды.
Туризм Еуропа мен Азияның көптеген елдері экономикасының күретамыры болып табылады. Біздің азаматтарымыз не себепті дем алуға өзге елдерді таңдайды? Мүмкін, бұл мәселе жөнінде мықтап ойлануымыз қажет шығар, ізінше жас бизнесменнің қойған сауалына да жауап табылып қалар.
Раушан НҰРҒАЗИНОВА.