ҮЙРЕНЕТІН ҮРДІС

Қызылорда облысының тұрғыны Зәріп Мысабековтың тапқырлығы мен жаңалығы елең еткізді. Кәдімгі шыны шөлмектен әуелі аула ішінен монша, ізінше тұрғын үй салып алған. Қыста жылы, жазда салқын болатын баспанасының сәтімен іске қосылғанына отағасы да дән риза. Жаңа үйінің сыртын ашық күйде қалдырса, ішкі қабырғасын сылап алған. Сыртын сумен жауып алуға да әбден болады екен.
Ақсақал кезінде Беларусь елінде әскери парызын өтеген сәтте бөтелкеден салынған ғимаратты аз көрмесе керек. Жаңағы көзбен көргенін есінде сақтаған, уақыт өте келе игілікке асырған шебердің ісі еліктеуге, өнеге тұтуға әбден лайық.
Біздің кәсіпкерлеріміз бен жеке үй, сауда орнын салуды көздеген жерлестеріміз де осы тәжірибені іспен пысықтаса деген ойымыз бар. Бір жағынан көшеде, тоғай-саябақ баурайында бей-берекет шашылатын шыны ыдыстан арылып, айналамыз бір тазарар еді. Екіншіден, бұл арзан да дайын құрылыс материалы ғой.