ОБЛЫСТА БАҒЫ ЖАНҒАН ШӘКІРТТЕР

18-20 сәуір аралығында Көкшетау қаласында ұйымдастырылған Х Махамбет оқуы мен ХХ Абай оқуынан жерлестеріміз сүйінші хабармен оралды.
Облыстың он жеті ауданына қоса Нұр – Сұлтан қаласының, шипажайлы шаһардың «Дарын» мектебінен, №6 орта мектеп-лицейінен, Степногорскінің «Болашақ» мектебінен жалпы 135 ұл-қыз өнер бәсекесіне жиылды.
Біздің ауданнан Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебінің түлектер сыныбынан Асылбек Нұртілек туған жерінің тұғырын биіктетті, «Ел құтқарар ер едім» аталымында топ жарды. Сыныптас досы Бекбаулы Әлішер «Ұлы арман» өнер жарысында күйшілік шеберлігімен төрешіні таңдандырды, екінші сатыға көтерілді. Бұл екі шәкіртіміз аталмыш өнер жарысында бес жыл қатарынан өз білім ордасының намысын сәтімен қорғап келеді. Әсіресе алғашқысының актерлікке бейіміне, келесісінің күй өнеріне ықыласына талай мәрте куәгер болған едік.
№1 орта мектептің 7 сынып оқушысы Бейбарыс Айтмұғамбетов облыстық «Абай оқулары» байқауында екінші орынға жайғасты, автордың «Сегіз аяқ» әнін нақышымен орындаған жерлесіміз табыс қоржынын еселеді. Бірінші-екінші орын иегерлері облыстық білім басқармасының тиісті дәрежелі Дипломымен, аспалы медальмен, бағалы-естелік сыйлығымен көтермеленді. Әншілік өнер қонған бұл ініміздің де келешегінен күтер үмітіміз зор.
Оқушыларын мәртебелі конурсқа даярлаған, шығармашылық қабілетін шыңдаған пән ұстаздары Бекай Нұрмұхановқа, Анар Махметоваға, Айнұр Сапарқызына ризашылық лебізіміз шексіз.
Балалардың жолсапар шығынын өтеуге Совет Нұрғазиннің жетекшілігіндегі аудандық білім бөлімі қаржылай көмек көрсетті.

Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.
Сурет Wazap байланыс желісімен алынды.

***

Ақмола облысының Есіл қаласында 2002 жылғы қыздар арасында оқушылардың «Жастар-2019» облыстық спартакиадасы өтті.
Дүбірлі бәсекеге облыстың аудан мектептерінен жалпы 19 команда жиналды. Біздің құрама тобымыз мәреге шығуға арналған аймақтық ойында бурабайлықтарды ұтып шықты. Мәрелік жарыста Астрахан ауданының ойыншыларын жеңіп кетті. Осылайша облыстың абсолюттік чемпионы атанды. Жарысқа жалпы 190 спортшының қатысқанын ескерсек – бәрі өскелең ұрпақтың, жастардың спортқа айрықша ықыласының жарқын көрінісі.
Құрама топқа енген ойыншы қарындастарымыз: Кәмила Жанысова (капитан), Әйгерім Секен, Ильнара Кенжебаева, Дәриға Ахметова (Бөгенбай мектебі), Ақбота Төлеубек, Аида Тұрсынбаева (Тайбай мектебі), Александра Забара, Екатерина Монахова ( №2 орта мектеп-лицей), Айсұлу Құсайынова (Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектеп). Ауданның оқушылар құрамасының бапкері – қазақ орта мектебінің дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы Құрман Ахметов.
Команда мәртебелі турнирде қол жеткізген табысы үшін жеңімпаз кубогын иеленді. Ойыншылар ұйымдастыру алқасының тиісті дәрежелі аспалы медалімен, Мақтау қағазымен көтермеленді. ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ! Тәлімгерге, бүкіл тәрбиешілеріне алдағы мәртебелі жарыс алаңында жеңіспен жолығуды тіледік. Спортшылардың сапарын ұйымдастыруға қолдау көрсеткен ата-аналарға, білім бөліміне алғысымыз шексіз.
Мұрат УАЖАНОВ,
аудандық білім бөлімінің әдіскері.
Сурет бөлім архивінен алынды.