САПА МӘСЕЛЕСІ ТҰРАҚТЫ НАЗАРДА

Биыл №1 орта мектептің күрделі жөнделімі жоспарланған болатын. Ол -қаламыздағы байырғы білім ордаларының бірі. Тарихи дерекке жүгінсек – үш қабатты кірпіш үйдің алғашқы іргетасы күншығыс өңірімізде осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын қаланған еді.
Игі істің негізгі тапсырыс иесі – «Аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі. Нұр-Сұлтан қаласындағы Дархан Рысмағамбетов басқаратын «УРПЕК-СЕРВИС» ЖШС орындаушы ретінде жұмыс атқармақ ниетте.
Құрылысшылар тобы қазірдің өзінде ер балалардың технология пәні кабинетін қайта жоспарлауға кірісіпті.
Оқу орнында депутат Юрий Адайкиннің бастамасымен бюджет мәселесіне арналған тұрақты комиссияның көшпелі отырысы өтті. Күн тәртібіне №1 орта мектеп ғимаратының күрделі жөнделім мәселесі енгізілді. Форумға жиылғандар – аудандық мәслихаттың хатшысы Қайрат Махметов, халық қалаулылары бастапқы жұмыс барысына көңіл аударды. Сметашы-инженер Ринат Мұсатаев, прораб Амангелді Серікбаев комиссияның назарына үйдің әрбір қабатының кең ауқымды сызбанұсқасын ұсынды. Жобаны дайындаған автор – «Астана Быт Сервис ЛТД» ЖШС. Құжат бойынша техникалық бақылау жүргізген – «Alash Servic» ЖШС. Депутаттар Юрий Адайкин, Нұртас Маңдаев бетон құймалы төсемінің астынан салқын су мен жылу құбырының өткізілім технологиясының ескерілуіне назар аударды. Мастерлер түсіндіргендей, астыңғы жағында сантехниктер жұмыс істей алатын екі люгімен биіктігі 85-90 сантиметрлік екі шахта қарастырылатын болады. Мектеп директоры Төлеген Дүйсенов бөлмелерді қайта жоспарлағанда әрбір қабаттан ұл мен қызға бөлек-бөлек әжетхана қарастыруды ұсынды. Суағарымен сыртқы төбе жөнделімі, ағаш терезесінің үш қабатталған шынымен пластикке ауыстырылымы, баспалдақ алаңындағы темір тұтқыш айырбасталымы – бәрі-бәрі жобалық-сметалық құжаттамада қарастырылған.
Дайын жобаны бірлесіп талқылағанда электрлендіру желісіне қосымша қаржы қажеттігі белгілі болды. Аудандық білім бөлімі 43 миллион теңгелік бұл жобаны әзірлеп те қойған. Сұратылған ақша жергілікті бюджеттен іздестірілмек. Ол үшін тапсырыс иесі аудан әкімінің атына бюджеттік өтінім түсіруге міндетті. Оған қоса қасбетті жөндеуге, төңіректі көріктендіруге арналған мәселе ойластырылуы шарт. Шатыр астындағы ағаш тіреуішіне өрттен қорғайтын ерітінді сіңірілімі де сметаға енгізілуі тиіс.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020» бағдарламасына сәйкес мамырдан бастап жергілікті жерден 7 адам жұмысқа қабылданбақ. Ақпарат ықыласпен құп алынды.
ТОО «УРПЕК-СЕРВИС» ЖШС-нің қызмет көрсетілім, жалпы тапсырыс орындалым жүйесіндегі мәртебесі мен жұмыс тәжірибесі айтарлықтай дәрежеде. Олар осы күнге дейін солтүстік астананың өзінде он мектепті жөндеп берген.
Біз өз тарапымыздан білікті мамандарға табыс тіледік. №1 орта мектептің ұстаздар ұжымы мен мөлтекаудан оқушыларының келесі жаңа оқу жылын ұқыпты жөнделген, жылы да жанға жайлы кабинетте бастайтынына үміт білдірдік.
Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.
Суретті түсірген автор.