«ТІЛ-ҰЛТТЫҢ ТІРЕГІ»

2019 жылдың 15 -19 сәуірі аралығында Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектебінде мақаламызбен аттас Қазақ тілі апталығы өтті. Сонымен әрбір күніміз тартымды іс-шарамен пысықталды.
Беташар сәтіміз күні Үздік қабырға газетін безендіруге арналды. Әрбір сынып белгілі бір ақын-жазушының өмірі мен шығармашылық қызметіне лайықталған үнпарағын сәтімен қорғап шықты.
Келесі күн «Тәуелсіз еліміздің астанасы», «Ел астанасын несімен мақтан етеміз?» тақырыбында барлық сыныптарда эссе жазуға арналды. Үздік авторларымызға І, ІІ, ІІІ орын берілді.
Мәнерлеп оқу жарысында баршасы тума дарынымен, әншілік-бишілік қабілетімен сахнамызға сән берді.
Апталық аясында пән мамандары ашық сабақ, сыныптан тыс іс-шара ұйымдастырды. Осы жолдардың авторы әріптесі А.Т. Әубәкіровамен 5-6 қазақ сыныбында өткізген «Кім білгір, кім алғыр?» сайысында оқушылар жаңағы екі қасиетімен қайран қалдырды. Жеңімпаз топ сыйлыққа, дипломға қол жеткізді.
Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері Ж.К.Абдуллинаның 2 «б» сыныбындағы, Қ.С.Тағиманованың 10 «б» сыныбындағы тақырыптық ашық сабағы өз мақсатына жетті, жақсы бағаланды.
Соңғы күні апталыққа белсене қатысқан зерделі, өнерлі, дарынды, алғыр оқушыларға Мадақтама қағазы, Алғыс хат табыс етілді. Аудан көлеміндегі түрлі байқауда, оқуда, олимпиадада таудай талабымен, білім-білігімен дараланған ұл-қыздарға арнайы шай мәзірі әзірленді.
Шәкірттеріміздің пәнге қызығушылық-құрметі артқан сайын мемлекеттік тіліміздің бағы мен мәртебесі де еселене бермек.

Фариза БИТАҚОВА,
Т.Шаханов атындағы №3 орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.