ЗАМАНА ЛЕБІН ЕРТЕ БОЛЖАҒАН

Жаңартылған білім берудегі Жүсіпбек Аймауытов қалыптастырған оқытудың дұрыс жүйесі
Мақаламда тәлім-тәрбие саласында өзіндік бағыт-бағдар қалыптастырып кеткен ұстаз, көрнекті қайраткер Жүсіпбек Аймауытов қарастырған оқытудың дұрыс жүйесінің жаңартылған білім беруде көрініс тауып, қолданылып келе жатқандығы салыстырмалы түрде сипатталатын болады.
Ұзақ жылдар бойы “ұлтшылдық” әдебиеттің өкілі деген айып тағылып, жазықсыз жапа шеккен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті қайраткерлерінің бірі Ж.Аймауытов жазушылығымен қоса қазақ топырағында тұңғыш педагогика, психология, көркемөнер ғылымдары саласында қалам тартқан, құнды-құнды ғылыми-зерттеу еңбегімен, бірнеше оқулықтар мен оқу құралдарының авторлығымен дараланған ірі тұлға.
Ж.Аймауытов бұрынғы Семей губерниясының, Кереку (қазіргі Павлодар) уезінің Қызылтау болысында, кедей шаруасының отбасында дүниеге келген. Ол Павлодарда орыс-қазақ мектебін, әрмен қарай Семей мұғалімдер семинариясын (1918 жылы) бітірген. 1917-19 жылдары алашорда ұйымына кірді. 1911-14 жылдар арасында Баянауылда бала оқытқан, кейінгі жылдары әртүрлі қызмет атқарған. 1920 жылы РК (б) П қатарына өтті. Қазақстан Советтерінің съезіне делегат болып сайланады. КАССР халық ағарту комиссариатының алқа мүшесі, “Қазақ тілі”, “Ақ жол” газеттерінің қызметкері, мектеп мұғалімі, 1926-29 жылдары Шымкент педтехникумының директоры болып қызмет істеген. Маман-педагог өзінің тәлім-тәрбие саласындағы бағыт-бағдарын 1918 жылы ақпан айында Семей қаласында шыққан әдеби және ғылыми-қоғамдық “Абай” журналында жариялаған бас мақаласынан аңғартады. Онда Аймауытов: “…қазақ сахарасында мыңмен жалғыз алысып, жапа шеккен ұлы ағартушы Абайдың көздеген мақсаты халқын өнер-білімге, оқуға, отырықшылыққа, мәдениетті ел дәрежесіне жеткізу еді”, – деп жазады. Ол Абай ұстанған ағартушылық жолды тыныс-тіршілігінің негізгі арқауы етіп алды.
«Жүсіпбек Аймауытов – бүкіл бітім-табиғатымен, бар икем-қабілетімен, алған мамандығымен, істеген қызметімен танылған ұстаз адам» – деп филология ғылымдарының докторы, профессор Темірбек Қожакеев ағамыз айтып кеткендей, өмірінің ұзақ жылдарын ұстаздық жолына, әсіресе, мектептегі оқытудың ерекшеліктері мен негіздерін зерттеуге арнағаны бәрімізге мәлім.
Ол өзінің «Тәрбиеге жетекші» оқу құралында оқытудың түрлерін атап, олардың қолданыс маңыздылығын саралап кеткен болатын. Мұғалім сабағын шәкірттеріне ұғынықты ету үшін оқу деректерін қалай реттеп, қандай жол, әдіс қолдана білуі керектігі маңызды. Оны білу жетпейді: шәкірттеріне білімді жақсы меңгертуге тәрбиенің күшті құралы болған – сөзбен қалай пайдалану керектігін мұғалім жақсы білуі қажет. Сол себепті, мұғалім оқыту әдістерімен қатар түрімен де жақсы таныс болуы керектігін айтып кеткен.
Өз еңбегінде оқытудың басты екі түрін көрсетіп өтті: сөйлеу түрі, сөйлесу, яғни сұрау түрі. Мұғалім беретін сабағына байланысты тізбекті сөйлеп, шәкірттер мұғалімнің айтқан сөзін үндемей тыңдап, ұғып отырса, бұл сөйлеу түрі болады. Мысалы, ертегі не әңгіме сықылды. Енді бір түрі: мұғалім шәкірттерге сұрақ қояды, шәкірттер жауап алмасу арқылы сабақ беріледі, бұл сұрау яки сөйлесу түрі. Оқытудың осы екі түріне түсінік бере отырып, ол сөйлеу түрінің кемшілік жағын да көрсетіп кеткен: ұзақ әңгіме баланың ілтифатын қажытады, жалықтырады, ойын тербетіп қалғытады, үзілмеген бірсыдырғы сөз енжарлық береді. Баланың ой ісі жадағай қалады, сөйлеуші өз ойының әуенімен кетеді де, шәкірттерінің қандайлық ұққанын байқай алмағандықтан ыңғайына да жүре алмайды. Сұрау түрін бастауыш мектепте көбірек қолдануға тура келеді. Мысалы, дыбысқа, харіфке, есепке, жазуға үйреткенде бұл түрді қолданбай болмайды. Орта, жоғарғы дәрежелі мектепте көбінесе, сөйлеу түрі орын алады. Өйткені ол мектептерге жеткенше шәкірттердің ілтифаты, білімі, қысқасы, жан қуаттары жетіледі, күшейеді.
Бұл мәселе бастауыш сынып оқушыларын дәстүрлі түрде оқыту кезінде, шындығында да, белең алған үлкен мәселе болатын. Жүсіпбек Аймауытовтың ой қорытуымен ескерілген бұл кемшілік қазіргі уақытта үлкен жаңарту, бастамаға жол салды. Қазіргі жаңартылған білім бағдарламасы бойынша мұғалім – бағдар беруші. Дәстүрлі оқытудағыдай, мұғалім сабақтың 40 минутын тек өзінің түсіндіру жұмысына арнамайды. Керісінше, оқытудың екінші түрі – сұрау түрі тиімді жағымен көрінуде. Оқушылар ізденіп қана қоймай, ізденушілік қабілетін іс-тәжірибе жүзінде іске асыруға машықтанады. Жаңа тақырыпты түсіндірудегі әңгіме – әртүрлі көрнекі құралдармен қаруландырылған әдіс-тәсілдермен алмастырылды.
Ендігі бұдан қиынырақ оңтай, әңгіме һәм суретті сөздер. Оқушыны жан қуаттары, едәуір жетілген кезде сөйлеу түрі әңгіме һәм суретті сөз ретінде қолданылады. Мұғалім әңгіме бастамай тұрып, әуелі не жайынан әңгіме қылатындығын аңғартады. Әңгіме тыңдауды бала қатты ұнатады. Әрине әңгімесі де баланың білім шарқына қарай, лайықты болуы тиіс. Білімі нығайған балаға сөйленетін әңгіменің тым тәптіштеп уақ-түйектерін айтпай-ақ, керекті, басты мағлұматтарын қосып, жанама хабарды да сөйлеу пайдалы: жанама хабарлар оларға қызықтырақ көрінеді, жадына жақсырақ қонады. Тәжірибеден байқалған: бастауыш сынып оқушыларына әңгіменің ішінде қаһарманның не ойлап, не істегенінен, қандай киім кигені қызығырақ көрінеді екен. Расымен де, белгілі бір тақырыпты өтіп немесе ертегіні түсіндірмес бұрын, ақпарат не жайлы болмақ, ол кім жайлы? мәселелері бірінші кезекте қозғалуы тиіс. Осы уақытқа дейін өткен іс-тәжірибелерде мен тақырыпты түсіндірмес бұрын, қозғалатын тақырыпқа негіз болатын ұғымдарды немесе тақырыптың өзін ребус, сөзжұмбақ, жасырылған әріптер, тіпті тақырыпқа сай 2-3 минуттық бейнежазба арқылы ашып отырдым. Нәтижесінде, оқушылар ол тапсырмаларды қызығушылықпен орындады; әдемі кейіпкер, суреттері бар бейнежазбаларды сүйсіне тамашалады; тақырыптың ары қарай ашылып, түсіндірілуін асыға күтіп отырды.
Баланың көңілденіп істемегі сабақтың ынталы болуынан. Бала оқыту жүзінде ынта деген нәрсенің білімді қылуға, жетілтуге мағынасы зор. Баланың ынтасы тартпаған мектеп абақтыға айналмақ. Ұстаз «ынта» деген сөзді қалай ұғыну керек? Кей ғалымның сөзінше, ынта-талаптану, талпыну, бір нәрсені істеуге ұмтылу мағынасында. Ынта қазіргі істі жеңілдеткеннің үстіне, келешек іске де құмарландыратын нәрсе болуы керек.
Оқушы қандай нәрсеге ынталы болмақ? Бұрын таныс емес, тың нәрсеге ынталы болмайды, бұрын білетін ескі нәрсеге де ынталы болмайды. Ынтаны қоздыратын жаңа мен ескісі аралас нәрсе. Жүсіпбек Аймауытов бабамыз: оқушының ынтасын тарту үшін оқылатын нәрселерде бір жаңалық болу керек, деген. Ол жаңалық бұрынғы ойда бар нәрсені не толықтырғандай, не дәлелмен бекіткендей, не бұрынғыны бекерге шығарғандай, болмаса күшейткендей бір өзгеріс кіргізетін болу керек.
Бұл да дұрыс айтылған мәлімдеме, біз де бір күндегі көз үйренген таныс нәрсеге көңіл қойып қарамаймыз, егер ол нәрседе азырақ өзгеріс пайда болса, әуес қып, қызығып қарай бастаймыз.
Оқыту өзіне берік негіз салғысы келсе, оқу деректеріне ілтифатты көпке дейін қадалту керек. Осы мақсатқа жету үшін ол оқытуда келесі жобаны есте тұтқан жөн деп көрсеткен:
– Жаңа берілетін сабақты оқушының білетін мағлұматымен байланыстыру.
– Тиісті таныстыру, яки қысқаша жоспармен сабақтың мақсатына ынталандырып, ілтифат аудару.
– Сабақтың алдын-ала даярлайтын сұрауын қою ынтасын қоздыру, ілтифатын сақтату.
– Әрбір пайдасыз, мақсұтсыз, мағынасыз мағлұматтардан қашу, сабақта баланың ілтифатын қоздыратын қызықты нәрселер ғана сөйлену, үйретілу.
– Баланың ішін пыстыратын біркелкі, бір затты мағлұматты беруден сақтану, лайықты салыстыру, теңестіру, ұқсастыру, түрлі әдіс, оңтаймен оқытуды жандандыруға тырысу.
– Алғашқы кездегі оқыту деректі, көрнекі болу. Көрнекі оқыту туралы көрсетілген жобаларды дұрыс қолдану .
– Оқытуға өзгелерді ынталандыру үшін оқытушы үйрететін нәрсесіне өзі де ынталану, өзі де жақсы көру, оқытушы сүйген нәрсені оқушылар да сүйеді.
Жаңартылған білім жүйесіндегі оқу процесінде оқушылардың ынтасын арттыру қазіргі уақытта да мұғалімнің негізгі міндеті болып табылады. Ал осы бағытта қолданылатын мақсатты әдіс үлкен нәтиже шығаруда. Себебі, сабақ барысындағы екіжақты іс-амалдың нәтижелі болуы оқушының мотиві, яғни түрткісі неғұрлым күшті, өз қызығушылығынан туындаса ғана алдында кездескен кедергі мен қиындықты жеңіп, өз мақсатына жетуді көздейді. Іс-әрекетті тудыратын түрткі мен ынталандыру тығыз байланысты екендігі дәлелдерге ие.
«Жаңаның артықтығы ескімен салыстырғанда көрінеді» демекші, жаңартылған оқу бағдарламасы бойынша қазіргі уақытта әр ұстаздың сабағында тиімді қолданып келе жатқан «ынталандыру», «сұрақ-жауап», «түсіндіру», «көрнекілік» әдістері сонау 1918-1920 жылдары Жүсіпбек Аймауытов бабамыз зерттеп, қарастырып кеткен еңбектерден бастау алған. Ұзақ жылдар төңірегінде, көрнекі ғалым үлкен «мәселе», «қиындық» деп санаған дүниелер шешімін тауып, жүзеге асырылғаны – үлкен арманның орындалғаны деп білемін.

Мөлдір АКИМОВА,
Нұр-Сұлтан қаласы Гуманитарлық колледжі
«Бастауыш білім беру» мамандығының 4 курс студенті