ЖӘДІГЕР СЫРЫ

Былтыр Бөгенбай батыр атындағы тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері Ерейментау ауданына қарасты Ажы, Бозтал, Өлеңті, Қарағайлы, Еңбек ауылдарын аралады. Сапар барысында халықтың қастерлеп сақтаған бұйымдарын жинады, музейді құнды экспонаттармен толықтырды. Ішінде тарихы сырға толы жәдігерлер мол ұшырасады.
Олардың бірі 1939 жылы Қарағайлы елінің тумасы Сүлейменов Бүркіт есімді шебер жасаған күміс қапсырмалар. Бас қосқалы бір перзентке зар болған Зәйни апамыздың әкесі Қадырхан мен анасы Батиха ағамыз 60 жасында, жеңгеміз 50 жасқа келгенде тұңғыш рет құрсақты болып, дүниеге нәресте келеді. Бұл отбасының қуанышын ел болып бөліскенде үлкендер ақылдаса келе, нәрестеге Зәйни деп ат қояды. Зәйни – араб тілінен енген сөз, қазақша аударғанда әшекей ұғымын білдіреді екен. Көп жылдар бойы Алладан сұрап алған перзентіне көз тимес үшін болар, ата-анасы Зәйниді екінші атпен Шайда атандырып кетеді.
Бұл отбасының қызығына ортақтасып, сол кездегі Ереймен еліне белгілі шебер, темірді нанша илейтін Сүлейменов Бүркіт жаңа туған нәрестеге арнап күмістен жасаған қапсырмасына «Зәйне» атын қашап жазады да, арнайы өз қолымен менің нәрестеге берген сыйлығым болсын деп, ата-анасына табыстайды. Бертін келе жаңағы зергерлік бұйымды Зәйни апамыз көзінің қарашығындай сақтап, өз ұрпақтарына мұра етіп қалдырады. Көненің көзіндей сақтаған бұл затты музей қызметкерлеріне апамыздың ұлы мен келіні Сүйіндік-Үміт Көлбаевтардың жұбы табыстады. Осы отбасында сақталған құнды заттың бірі – күміс қасықтар. Отанасы Үміттің айтуынша, оның бәрі өзінің туған апасы Райхан Нұрмышеваға тиесілі екен. Райхан апай 6 қасығы бар жаңағы бағалы сыйлықты 1985 жылдары Сілеті ауылында К-700 көлігінің озат механизаторы ретінде ерен еңбегі үшін Үкімет тарапынан сый ретінде алған екен. Міне, бұл бір ғана отбасының материалдық мәдениетімізді сақтайтын орын – музей деп танып берген жәдігерлері. Қазіргі күні бұл құндылықтар музейдің этнография залында орналасты. Бүгінгі күні дүниеде жоқ Зәйни және Райхан апаларымыздан қалған естелік – ұлттық құндылық ретінде қорғалатыны сөзсіз.

Ләззат ҒАББАСҚЫЗЫ, музей директоры.