АЙГҮЛДІҢ МӘРТЕБЕЛІ ЖЕҢІСІ

Ұстаздардың біліктілігі, ізденісінің жемісі, әдетте, ашық сабақта, семинарда, конференцияда жарқырай көрініп жатады. Жуырда тағы бір сүйінші хабар естідік.
Қаламыздың №1 орта мектебінде «Үздік педагог» дәстүрлі аудандық байқауы өтті. Шаршы алаңда бағы мен бабын сынауға жалпы он мектептің маманы ниет білдірген. Олар – білімнің іргетасын қалайтын, оқушысын оң-солы таныған, жазу-сызуға бейімді қалыпта орта буынға табыс ететін бастауыш сыныптың апайлары. Үйдің сапасы мен мықтылығы да осы іргетасқа тікелей тәуелді болатыны – өмір заңдылығы. Аталмыш сынақ барысында үш кезеңде де біркелкі зерделілік пен мол тәжірибесін байқатқан Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебінің 2 сынып оқытушысы Айгүл Мұсабекова жеңіс мәресіне көтерілді. Ұйымдастыру алқасының – аудандық білім бөлімінің грамотасын иеленді.
Жарыс шарты бойынша 20 минөтке есептелген сабағында тиісті мақсатына толық қол жеткізді. Таныстыру кезеңіне дайындығы да көптің көңілінен шықты. Игі жетістіктер көрсетілімі конкурс талабымен толық үйлесім тапты.
Алдында айтқанымыздай, ата-әженің көз қуанышы – жас өрендерді жалпы 26 жыл оқытып келе жатқан, түлектердің талай кезегін шығарып салған мұғалиманың тәжірибесінің де мол, алғы шепке шығуға әбден лайық екені анық. Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетін бастауыш буынды оқыту әдістемесі мамандығы бойынща бітірген Айгүл заман жаңалығына да ілесуді негізге алған.

«Диалогтық оқыту арқылы оқушылардың сөйлеу тілін дамыту» тақырыбы бағын ашқанын айтады. Қарындасымыз бұған қоса Алматының білім жетілдіру институтында екінші деңгейлі курсты сәтімен тәмамдап алды, тиісті куәлік құжатын иеленді.
Ерейментауға жолдамамен келген бетте еңбек жолын «Балбөбек» қазақ балабақшасында бастаған дипломды жас маман әрмен қарай Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектеп-интернатында іске төселді. Алғашқы тәлімгерлері Майдаш Қабжановадан, Күміс Шәріповадан, Мүсілима Сыздықовадан мол ақыл-кеңес, тәжірибе алды. Осы алғашқы негіз талапты жас бойжеткеннің келешегіне берік іргетас, ғұмырлық азық болғандай әсер береді. Бүгінде өзі де әріптес сіңлілеріне сәтімен бағыт-бағдар беріп келеді. Кейіпкеріміз өз отбасында адал жар, екі перзент тәрбиелеген қамқор ана.
Педагогика саласына сіңірген еңбегі үшін аудандық білім бөлімі мен мектеп әкімшілігі тарапынан талай мәрте Алғыс хатқа, Мақтау қағазына іліккен.
Айгүл Мұсабекова енді мамырдың орта тұсында өтетін облыстық байқауға әзірлігін шыңдауда, ереже талабы аясында білім-білігін пысықтауда. Жерлесімізге сәт сапар дейміз.

Дайындаған Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.