НАЗАРДА – МАЛ ӨНІМІ, ЖАЙЫЛЫМ РЕТІ

«Көктемнің бір күні – жылға азық» деген қағида баршаның жадында. Аудан диқандары ендігі кезекте ылғал жабуға, тұқым даярланымына ден қоюда.
Тілшіміз осы аптада «Байтемир и К» шаруа қожалығының басшысы Қайрат Садырұлы Бәйтеміровпен жүздесті. Ол – Ақсуат ауылдық округінің аумағында талай жылдан бері өз кәсібін атқарып жүрген өңірдегі әлеуетті құрылымның бірі. Жерлесіміз негізінен аудан экономикасының өзара тығыз байланыстағы егіншілік пен мал шаруашылығын кәсіп етеді.
Фермердің иелігіндегі жер алаңы аса ауқымды емес – 2400 гектар. Егістік 10 жылға жуық уақыттан бері мүлде тынықпаған, яғни үзіліссіз пайдаланылып келеді. Биыл да 1500 гектарға бидай сеппек ниетте. Бұл мақсатқа бірінші репродукциялы «Астана» сұрыпты тұқым даярланған.
Жер өңделімінің агротехникалық ережесі мұқият ескеріледі. Соңғы үш жылдың жұмыс нәтижесі көз алдымызда. Өнімділік деңгейі де қалыпты. Былтыр әр гектардан 12 центнерден түсім жиылды. 500 гектарға арпа, 200 гектарға зығыр егіледі. Сұлы мен судан шөбінің әрқайсысына 100 гектардан жер бөлінеді. Бізге белгілісі, мақсатты іске, тек үш механизатор, бір дәнекерлеуші иелік ететін, жұмыс технологиясы әлеуетті заманауи ауыл шаруашылығы техникасы қолданылады. Егіншілер бүгінгі күні, аудандағы бүкіл әріптестері тәрізді, ауа райының қолайлы сәтін, топырақтың қызғанын күтіп отыр. Қожалықтың иелігінде 100 бас ірі қара, еділбай тұқымды қой, 40 жылқы бағылатын 3000 гектар жайылым да баршылық. Қажетті ветеринарлық шаралардың бәрі тиянақталған. Өйткені осы саланың маманы ретінде кінәрат малдың жалпы адамзатқа тигізер залал-зардабын анық біледі. Тұқымсыз ірі қара Ангус тұқымды бұқа арқылы тұқымдық жаңартылымнан өтті. Енді қолда ет-сүт бағытындағы мал күтілетін болды. Дайын ет негізінен Елорданың базарына шығарылады. «Ерейментау Өнімдері» АӨК-нен жалға алынған қабылдау орнына күн сайын 200 литр сүт тапсырылады. Н.Чигоряну, В.Лютых, Р.Рашидов бұл кеңсеге өз ауласынан күн сайын литрі 80 теңгеден сапалы сүт өткізіп тұрады. Қоса айтарымыз: шаруашылығымызда сауын аппараты қолданысқа енген. Екі сауыншы қондырғының жұмыс бабын, технология тәртібін назарда ұстайды. Сауылған сүттің бір бөлігі бұзауға қалдырылады. Келесі аптадан бастап ауылдастардан жаппай сүт сатып алмақ ниетте. Округтің мал иелері, шаруа қожалықтары сүт өндірісінен табыс табуға ықылас қоятынына үміттіміз.
Бүгінгі таңдағы түйінді проблема – жайылымның жоқтығында. Өйткені мал басы көбейіп келеді. Округ аумағында айтарлықтай шамада мал күтілетін «Айзет фармс» ЖШС-нің мал семіртетін ауқымды алаңы да іске қосылған. Елорданың азық-түлік белдеуі қамтамасыз етілуі үшін мәселе түйіні шешілуі шарт. Ал біз келешекте жаңа сауылған сүт пен сапалы етті ұқсатуға, өткізуге ден қоятын боламыз.
Раушан БАРЖАҚСЫ.