ӨНЕРІМЕН АСҚАҚТАТТЫ БЕДЕЛІН

Өнер айдынында бағы жанған, мерейі еселенген жерлестеріміз биылғы дәстүрлі «Ақмола жұлдыздары» облыстық халық шығармашылығы байқауында да қайталанбас бірегей дарынымен көпшіліктің көңілінен шықты.
Белгілі айтыс ақыны Ерлан Дәулет қаламызға кіреберістегі үш жүздің ынтымақ-бірлігін айшықтайын «Үш найза» ескерткіш белгісінің алдында барша қауым жылы қарсы алған, бүгінгі шарамызға қазылық жүргізетін облыстық меймандарға арнауын өлеңмен жеткізді. Ақ жаулықты әжелердің шашуы шашылды.
Дәл осы сәтте Үмбетей жырау атындағы аудандық мәдениет үйінің алаңында қазақ ұлтының тарихын айшықтайтын «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының желісімен көрініс даярланып жатты. Ауылдық округтердің өнер иелері, мәдениет қызметкерлері, Айхан Бекетай, Дамир Жақсылықов бірлесе үн қосты.
Мәдениет ошағының фойесінде аудан суретшілері мен қолөнер шеберлерінің еңбегімен безендірілген көрмесі барлығын тамсандырды. «Өнерлінің өрісі ұзақ» демекші, көздің жауын алатын әрбір авторлық туынды төрешілер өкілін шынымен тамсандырды. Олардың бәрі он саусағынан өнер тамған жергілікті суретшілеріміз бен қолөнершілеріміздің төл еңбегі. Оған Бөгенбай батыр атындағы тарихи-өлкетану музейі тікелей ұйтқы болғанын естіп білдік. «Портал» вокалды-аспаптар ансамблінің ән шашуы алдағы концертіміздің жолашарына айналды.
Қойнауына құт қонған, күні кеше қанша әнші-күйші, айтыс ақыны, музыка тәлімгері жасап өткен, бірегей дарынымен баршаны риза еткен, бүгінгі ұрпаққа мирас болып жеткен төл өнерімізді бүгінгі ұрпақтың сәтімен сабақтастырғаны анық аңғарылып жатты. Барша тұрғындар мен меймандар әрбір бұйымды ықыласпен қызыға тамашалады, әділқазылар да сүйсініспен жоғары бағалады.
Бағдарламаға жалпы енгізілген он жеті нөмірдің әрқайсысы өнерпаздарымызды жаңа қырынан танытты. Балалар музыка мектебінің қазақ халық аспаптар ансамблі, оркестрі, «Білімді жастар – ел болашағы» прологын дайындаған режиссер Талғат Смағұловтың жетекшілігіндегі «Үміт» театры, «Жастар» халық би ансамблі, «Ханис» эстрадалық би ұжымы, «KZ» вокалдық квартеті, «Жадыра» вокалды тобы, «Әжелер» халық ансамблі, Алдасүгіровтердің жанұялық триосы, «Лидер» балалар би ансамблі, орыс халық хоры, «Ереймен сазы» фольклорлық ансамблі, Мақсат Байзақова мен Сағыныш Сәбитованың дуэті, жеке дауыстағы әншіміз Алина Барлыбаева, Қанат Жандәулет, «Балдәурен» вокалды тобы, «АДК» триосы, «Ақбұлақ» қобызшылар ансамблі, «Сұңқар» триосы жанкүйерге де, меймандарымызға да, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мағыналы да тартымды, қызықты да мазмұнды концерт сыйлағаны айқын болды. Барша қауым әрбір нөмірді қошеметпен қабыл алды. Байқаудың шарттары мен талаптарына сай биылғы жылы өнерпаздардың басым көпшілігі жастар. Айта кететін жайт, танымал ақын Сайлау Жылқыбаевтың сөзіне жазылған «Әке мен бала» әнінің биыл алғаш тұсауы кесілді. Облыстық байқауға көркімен көз тартатын жалпы 500-ге жуық өнерпаз қатысты.
Дарын иелерін бір арнаға біріктірген, мәртебелі сахнаға жетелеген ауылдың мәдениет қызметкерлері мен әкімдері, директор Сапар Барлыбаев бастаған мәдениет үйінің ұжымы, режиссер, сахнаға дыбыс пен жарық беруші мамандар, ұйымшылдықпен өлшеусіз үлес қосты. Лайым осы бірлігіміз мәңгі баянды болуды нәсіп етсін.
Жылда облыс көлемінде жақсы бағаға ие болып жүрген ереймендіктердің биыл да алғашқы ондықтың алдыңғы қатарына ілігетініне үмітіміз нық, сеніміміз берік.
«Ерейменнің» өз ақпараты.