БАПКЕРЛЕР ЕСІМІ АБЫРОЙМЕН ӘСПЕТТЕЛДІ

Күні кеше аты аңызға айналған жаужүрек батырлар мен суырып салма ақын-жыраулар жасап өткен өңір, күрестен Азия, әлем чемпионы атағымен туған жердің даңқын асқақтатқан палуандар отаны тағы бір мәрте республикаға танылды.
Мәдени-спорт кешенінің күрес залында 2002-2003 жылға жасөспірімдер арасында дзюдо күресінен Х республикалық бозбалалар турнирі ұйымдастырылды. Спорт бәсекесі дүние салған бапкерлерді еске түсіруге арналды. Қазыбек Бөкешевтің жетекшілігіндегі «Ереймен күрес клубы» қоғамдық бірлестігі бүгінгі барынша кең ауқымды шараға демеушілік жәрдем көрсетті.
Әйгілі Күйші-сазгер Құрманғазы Сағырбайұлының баршаға танымал «Сарыарқа» күйінің әуенімен командалардың шеруі өткізілді. Нұр-Сұлтан қаласының, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Ақмола облысының спортшылары үкілі үмітпен мәртебелі спорт бәсекесінде бабы мен бағын сынауға жиналды. Алаң иелері де осы топты толықтырып жатты. Сонымен жалпы тоғыз түрлі салмақ дәрежесі бойынша жоспарланған екікүндік спорт сайысына 150 палуан жиылыпты. Танымалдық деңгейінің қандай болғанын енді оқырманның өзі де аңғарар.
Бесаспап бапкерлеріміз, фотосуреті күрес залының арнаулы стендінде безендірілген тәлімгер-ұстаздар: КСРО спорт шебері Рүстем Ыбыраев, Қазақ КСР-ының спорт шеберлері Бауыржан Әбдірахманов, Қайрат Шәріпов, Мұрат Матышев жерлестердің мәңгі жадында. Бұл ұстаздар кезінде чемпиондардың бірнеше буынын тәрбиелеп өтті. Дзюдо күресінің қалыптасуына, нығаюына, дамуына сүбелі үлес қосты.
Тоқмағамбет хазірет мешітінің имамы Жандос Базарбеков, аудан әкімінің аппарат басшысы Ербол Құттыбаев жерлестер мен меймандарды, атаулы турнир авторларының туысқандарын, өңір жұртшылығын құттықтады.
Егемен мемелекетіміздің Көкбайрағына бет түзеп сапқа тұрған сәтімізде Қазақстан Республикасының Әнұраны әуеледі.
Аудандық мәслихаттың хатшысы Қайрат Махметов, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген бапкер Қайыркен Жақып, құрметті қонақтар: Олимпиада ойындарының екі мәрте күміс жүлдегері, бокстан спорт шебері Әділбек Ниязымбетов, дзюдодан еңбегі сіңген спорт шебері, әлем чемпионы Максим Раков, облыстық спортқа дарынды мектеп-интернатының директоры Тұрсын Тоққожинов құттықтау лебізін жалғастырды.
Құрметті қонақтарымызға: спорт ардагерлерінің арасындағы дзюдо күресінен әлем чемпионатының 2018 жылғы қола жүлдегері, ауданымыздың тумасы Әсет Тоққожиновқа, турнир өткізіліміне сүбелі үлес қосқан Мәлике Нұрғалиеваға, Айжан Ермекқызына ұйымдастыру алқасының бағалы сыйлығы тапсырылды.
Сайлау Жылқыбаевтың шығармасына жазылған, Алдияр Алдасүгіров орындаған көпке танымал «Бөгенбай батыр» әні, «Жастар» халықтық би ансамблінің қазақ биі сахна ажарын аша түсті.
***
Ресми бөлімнен кейін өрендеріміздің боз кілемдегі әрбір қозғалыс-қимылын бақылайтын төреші қос алаңның белгіленген қапталына жайғасты. Күші толысқан, талабы таудай, денесі шымыр балалар жекпе-жекке кірісті. Әрқайсысы төзімі мен ептілігін, жеңіске деген талпыныс-жігерін молынан танытты. Барлық мүмкіндігін, әдіс-тәсіл тәжірибесін жан-жақты пайдаланды. Толымды нәтижеге жетуге ниеттенді. Жанкүйер-достар мен осы спортты жаны сүйетіндер құнды кеңес қосумен қатар, қошеметтеп, әрбір қимыл-қадамына дем беріп жатты. Осының бәрі іріктелім кезеңінің сәтті тәмамдалуына, мәрелік кезеңге абыроймен өтуге септесті.
Жалпы бес түрлі салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаз әрі жүлделі үш орын иегері ретінде ілтипатқа іліккендер:
38 келі. 1-2 орын – Н.Бейбітов, В.Засыпкин (Ерейментау), 3 орын – И.Мырза (Рудный), А.Қанапия (Нұр-Сұлтан). 42 келі. 1-2 орын – А.Сүлейменов, С.Нұрлатұлы (екеуі де Семейден), 3 орын –Е.Лавренов (Қостанай), Н.Жақсылықов (Ерейментау).
46 келі. 1 орын – У.Жақан (Нұр-Сұлтан), 2 орын – А.Қоныспай (Қостанай), 3 орын – Н.Төлеубай (ШҚО), Д.Мәлікбаев (Ерейментау).
50 келі. 1-2 орын – А.Жұмағұлов, М.Қасымбеков (Ерейментау), А.Қошқарбаев (Павлодар), Н.Амангелді (Ерейментау). 55 келі. 1-2 орын – А.Нұрғалиев, М.Жарасбеков (Қостанай), 3 орын – А.Нұрбол (Целиноград ауданы), О.Ғазизов (Ерейментау).
Қол жеткен нәтиже негізінде, әрбір салмақ дәрежесіндегі құрметті орын иегерлеріне ұйымдастыру алқасынан тиісті дәрежелі аспалы медаль, Грамота, естелік сыйлық ұсынылды.
***
Турнирдің екінші күні шаршы алаңға шыққан 60; 66; 73; 81 келілік салмақ дәрежесіндегі мықты да ересек, епті де тәжірибелі жігіттердің дүбірлі жекпе-жегі жанкүйерлер мен барша жұртшылықтың назарын өзіне аудартты. Әрбір жұп көрерменге әсерлі көрініс сыйлады. Шеберлігін, қарсыласты ұтудың оңтайлы тәсілін, өзіндік әдісін, жеңіске деген жігерін кеңінен әрі еркін танытты. Тәлімгерлер өз шәкіртінің білім-білігіне, толымды табысына сүйсінді.

Қысқа белдесудің, тиімді қимылдың нәтижесінде құрметті жүлделі орынға қол жеткізген жеңімпаздар есімі біртіндеп даралана бастады. Қапталдағы төрешілер жастардың әрбір тиімді қозғалысын, мүлт кеткен, есе жіберген сәтін ескеріп отырды. Осының бәрі, түптеп келгенде, ұпай қоржынын толықтыруға, жеңіске жетуге негіз болды,
Енді турнир хаттамасына сүйене отырып, өз өңірінің мәртебесін асқақтатқан жүлдегерлер есімін айрықша қуаныш сезімімен тізбектейік. 60 келі. 1 орын – О.Еренғайыпов (Ерейментау), 2 орын – Н.Ерболат (Атырау), 3 орын – А.Жұмағұлов (Ерейментау). 66 келі. 1 орын – М.Мүсілімов (Нұр-Сұлтан), 2 орын – Н.Кузьмин (Қостанай), 3 орын – Н.Ауғали, М.Асылбеков (Нұр-Сұлтан). 73 келі. 1 орын – З.Рсай (Қарағанды), 2 орын – Т.Айдарханов (Ерейментау), 3 орын – С.Әсемхан, А.Абдуахатов (Нұр-Сұлтан). 81 келі. 1 орын -М.Әлжанов (Ерейментау), 2 орын – А.Әділов (Семей), 3 орын – А.Смыков (Павлодар). Бірінші орын иегерлеріне ұйымдастыру алқасынан ақшалай жүлде, 2-3 орын алғандарға Грамота тапсырылды.
Жаңағы салмақ дәрежесі бойынша ұйымдастырылған, Ерейментау, Павлодар, Қарағанды, Қостанай қаласының палуандары қатысқан командалық есепте қостанайлықтардың мерейі үстем болды.
Сәтті жүздесуге, ыстық ықыласқа, еңбегінің нәтижесіне көңілі толған бапкерлер мен дайындаған шәкірттері ойын залынан шығып жатты. Бір кездері оларды Ерейментау БЖСМ-нің, республикамыздың жарыс алаңында есімдері ел аузында қалған білікті бапкерлер даярлаған еді. Енді олардың оқушылары бүгінде кең ауқымды сайыс ұйымдастырып, өз тәлімгерлерінің есімін асқақтатуда, саламатты өмір салтын кеңінен насихаттауда.

Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.
Суретті түсірген автор.