БІЗГЕ ҚАНДАЙ ҚАСИЕТ ЖАРАСАДЫ?

Бір келіншек бай көпеске тұрмысқа шықты. Отағасы мата мен киім-кешек сататын, аумағы өте ауқымды дүкен ұстаса да, тым сараң жігіт еді.

Күйеуі бірде үйіне қайтарда тауық ұшасын ала келді де, әйелінен жаңағы құс етінен кешкі дәм әзірлеп беруді өтінді.

Даяр асты үстелге қоятын уақытта ерлі-зайыптылардың үйінің есігін қаққан дауыс естілді. Есікті ашқан саудагер арғы жақта үй иесінен тамақ сұрап тұрған кедейді көрді. Үй иесі жаңағы адамның өтінішінен бас тартты, қатты дауыспен айғайлады да, қуып жіберді.

Осы сәтте сырттағы адам:

-Сені Тәңір жарылқасын, мырзам менің, егер мені мұқтаждық қыспаса, аштықтан ішегім шұрқырамаса, онда сенің есігіңді қақпайтын да едім, – дейді.

Әңгіменің соңын күтпеген үй көпес, кедейдің бет-жүзіне де түстеп қарамастан, есігін тарс жапты. Іле ас үйге келді, дәм ішуге кірісті.

Әйелі:

-Сен неге әлгі байғұстың өзін де, сөзін де елемей, көз алдында есікті сонша қатты жаптың?, – деп сұрады.

Күйеуі:

-Сен менің қандай амал жасағанымды қалар едің, – деп зілдене жауап қайтарды.

Келіншегі:

-Ол кісіге сәл де болса жүрек жалғап алуы  үшін тауығымыздың бір бөлігін, немесе тым болмаса қанатын беруімізге болар еді ғой, – деп жауап берді.

Ашуланған күйеуі:

-Тұтас қанатын бер дедің бе?!! Сен ақылыңнан алжастың ба?!!, – дейді тағы.

Әйелі осы сәтте:

-Онда тым болмаса оған бір ауыз жылы сөз айтсаң нең кетер еді?,-деп сұрақ қойды.

Уақыт өтіп жатты. Бір күні саудагер өз дүкеніне келген сәтте Сауда үйінің өртеніп кеткенін, бүкіл матасы мен киім-кешектен түк тамтығы қалмағанын байқады.

Үйіне жабырқаулы күйде оралған отағасы зайыбына қарап:

-От жалын менің дүкенімді күлге айналдырды, мен әбден тұйыққа тірелдім, – деді.

Келіншегі:

-Мұңайма, отағасы. Алланың пейілі кең, әлі-ақ саған қайырым-есесін қайтарады, – деп жұбатты.

Әйтседе күйеуі:

-Әзірше осы апаттан ес жиғанша, сен төркініңе бара тұр, менің сені асырап-сақтайтын қауқарым жоқ!, – деді

Сонымен  келіншегімен ажырасып тынды.

Дегенмен екінші рет тұрмыс құрғанда әйелге Алланың мейірімі түсті. Соңғы күйеуі мейірімді, елгезек, әлсізді аяйтын жүрегі жұмсақ, кім өтініп сұраса да, қолда барын бөліп беретін ниеті түзу жан болып шықты.

Күндердің бір күнінде келіншек өз отағасымен кешкі тамағын іше бастаған сәтте сыртқы есік қағылды. Әйел кім келгенін  біліп келуге кетті.

Ас үйге кері оралғанда: «Сыртта бір кедей адам тұр, ашқұрсақ жүрсе керек, аз-маз тамақ сұрайды»,- деп  күйеуіне қарады.

Күйеуі:

-Ол кісіге екі тауықтың біреуін бер…екеуіміздің кешкі асымызға біреуі де жетіп тұр ғой…өйткені ол бізге Алланың берген ризығы, келген адамның меселін қайтармайық, -деді.

Әйелі:

-Бұл дүниеде сенен асқан кең пейілді, жомарт жан жоқ-ау!!, – деп жауап берді.

Тауықты кедейге апарып беріп, дастарханына кері оралған, тамақ ішуді жалғастырған әйелдің жанарынан жас тоқтамады. Оны отағасы да лезде аңғарды…

Таңқалған күйде: көңілің неге сонша босап кетті, сүйіктім-ау?,- деп сұраулы жүзбен көз тастады.

Отанасы осы сәтте:

-Ауыр уайымнан жылап отырмын, – деді. Отағасы іле жарының көзіне жас алған себебін сұрады.

Әйелдің берген жауабы:

-Менің жылаған себебім: жаңа ғана біздің есігімізді қаққан, сіз тауық бергізген кедей жігіт менің бірінші күйеуім еді!!! Сөзін сабақтай келе, ол кісінің сараңдығы, бір жолы кедейді құрқол қайтарғаны, тіпті келген кісінің көз алдында есікті қалай тарс жапқаны туралы әңгімелеп берді.

Әңгімені жалғаған  жанашыр күйеуі:

-Сүйіктім менің, егер біздің есігімізді қағып келген кедей сенің алғашқы күйеуің болса, ол қуып шыққан жігіт менмін, – деді.

(Мақала Фейсбук парақшасынан аударылып алынды).

Сонымен бұл әңгіменің астары, түпкі түйіні қандай? Жомарттық, қайырымдылық, кең пейілділік, кісілік екі дүниеде де жүзіңізді жарқын етеді. Бергеннің есесін Тәңірім өзіңізге мың еселеп қайтарады. Әсіресе мұндай қасиет он екі айда бір келетін Рамазан айынан бөлек, күнделікті өмірімізде, қазіргі алмағайып заманда бәрімізге жолсерік болғаны жөн секілді. Ойланып көрейік.