ДАРХАННЫҢ ҚАНАТТЫ АРМАНЫ ОРЫНДАЛДЫ

Мамыр мейрамы қарсаңында Байсары ауылына шақырылдық. «Үкілі Үміт» ортақ атауымен Дархан Жұмашевтың шығармашылық кеші өтетін болды. Әңгімемнің кіріспесінде: өңірімізде танымал вокалды әнші, суырып салма, жазба ақын бар екенін айта кеткім келеді. Арасында мүмкіндігі шектеулілер де аз болған жоқ, әйтседе олар тағдырдың пешенеге жазғанына қайыспады, өмірден өз орнын таба білді, табиғи дарынын көпке паш етті.
Айналаға жылылық шуағын мол төккен мамыражай мамыр, шағын ауыл кубы ұжымының өнер иесімен кездесуге дайындығы Дархан Жұмашев пен оның отбасының өмірінде айтарлықтай мәнді иеленді. Байсарының барлық тұрғындары, Бестоғай негізгі мектебінің өнерпаз ұжымдары, аудан мен ауыл әкімі, шаруашылық басшылары, мәдениет қызметкерлері ортамызды толтырды. Олардың бәрі әуесқой әншіміздің тырнақалды концертін тамашалауды, бауырымызға қолдау көрсетуді мақсат етті.
Беташар сәтте Дарханның атына ізгі тілек арналды. Ол Төлеу мен Күлбағила Жұмашевтардың ордалы отбасында дүниеге келген. Туысқандарының сүйемелдеуінің арқасында өмірге құштарлығы, шығармашылыққа әуестігі толастамады. Алма Қасенбаева мен Ақбота Төлеу кеш қонағының өмірбаянына тоқталған сәтте соңғысы Жақия Нұрболдың өлеңін оқып берді. Үлкен ағасы Бекболат пен Сағынтай Қамтаев оны бірінші құттықтады, табыс тіледі. Концерт басталған сәтте әншінің қатты толқығаны анық сезілді. Серік Рақымов өнерпазымыздың әнін домбырада сүйемелдеді. Жерлесіміздің қобалжығаны біртіндеп сейілгенде айрықша дауыс тембріне, дауыс диапазонының кеңдігіне қайран қалдық. Туысқандары бауырының отбасындағы өмірі, мүгедектер арасындағы түрлі шығармашылық конкурс сәтіндегі орындаушылық шеберлігі, қол жеткізген жетістігі қамтылған бейнебаян әзірлепті. Жігітіміз – көз жанарынан мүгедек. Дархан жақсы негізі мен жадының арқасында туған жер, сезім, ұлының дертіне шипа іздеуге ұмтылған, әншілікке жеке үлгісімен ұдайы қолдау көрсететін жанашыры – анасы жайында ән орындайды. «Әжелер» көркемөнерпаздар ансамблінің белсенді мүшесі Күлбағила апай да өз репертуарындағы әндерді әуелетті. Концерт барысында көпшіліктің қошеметіне бөленген мектептің өнерпаздары домбыраның шанағынан күй төгілтті, әлем халықтары мен Қазақстанның әнін әуелетті, сахнаны бимен көмкерді. Клуб меңгерушісі Майра Шидебаева жобалаған бағдарлама көрерменнің жүрегіне сәтімен жол тапты.
Біржарым сағаттық концерт тәмам болды. Аудан әкімі Абай Әлжанов, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Сайлау Жылқыбаев, ауыдық округтің әкімі Жомарт Мусин құттықтау лебізіне қоса Мақтау қағазын, сый-сыяпатын ұсынды.
Дархан Жұмашевтың анасы ұлын сүйемелдеген, ойлағанын іске асыруға жәрдемдескен барлық туыстарына, ауылдастарына, мектептің ұжымына, мәдениет қызметкерлеріне ризашылық жылы лебізін арнады. Ал әншінің өмір сынағына еш мойымайтыны, дос-құрбымен тең дәрежеде әншілік дарынымен әлі де көрерменнің көзайымына айналатыны сөзсіз.
Раушан БАРЖАҚСЫ.
Суретті түсірген автор.