ЕРЕН ЕРЛІК МӘҢГІ ӨШПЕС САНАДАН

9 мамыр. Таңғы сағат 10. Қала төңірегі жалаушамен, шармен, баннермен көмкерілген. Айналада майдан әуендері құлаққа ап-анық естіліп тұр.
Барша жұртшылық бас алаңға қарай толассыз ағылуда. Олар Ұлы отан соғысында қаза тапқан боздақтарды, елге Жеңіспен оралған, бейбіт өмірде дүние салған ардагерлерді еске түсіруді ниет етті. Арада қанша жыл өтсе де, барша адамзат бұл тарихқа қайта-қайта орала береді, өмір мен өлім беттескен шақта жанын қиған қаһармандар рухына жылда тағзым етеді.
Жаңағыдай салтанатты да қаралы сәтте әке-ағаларға ізет білдірудің өзі адамгершіліктің белгісі. «Замана оқиғасы санадан өшпейді, ұрпақтан-ұрпаққа мәңгі жалғасады, сіздер жаққан бейбіт өмір шырағы жүрегімізде ешқашан өшпейді», – дегіміз келеді.
Ұлы Жеңістің 74 жылдығына арналған құттықтау сөз кезегі аудан әкімі Абай Әлжановқа берілгенде, тыл мен еңбек ардагерлеріне, интернационалист-жауынгерлерге, қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік құттықтауын арнады. 9 Мамыр – баршамыз үшін ең қастерлі дата. Біз бұл күнді шаттандырып жылатқан мереке ретінде бағалаймыз. Өйткені ел бостандығы мен тәуелсіздігі жолында шейіт болған әскерлерді еске аламыз.
Майдангерлер қатарының сирегені, ауданымызда бірде-біреуінің қалмағаны, әрине, өкінішті. Әрқайсысының ғұмырнамасы тұнған шежіре, жорық жолы – қастерлі тарих. Дәл осы мерекелік сәтте әрбір шаңыраққа шаттық ұяласын, ел патриоттарының ерен ерлігі ұрпақ санасында сақталсын. Ізінше бәріне шын ниетпен денге саулық, жарқын ұзақ ғұмыр, баянды бейбіт өмір, амандық тіледі.
Ерейментау ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысы подполковник Нұрлан Балықбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Әбдин, интернационалист-жауынгерлер қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Аманғали Мұстафин жерлестерге ізгі ниетпен жылы лебізін жеткізді.
Үні баяулатылған соғыс жылдарының әуенімен құрметті қонақтарға, тыл еңбеккерлеріне гүл дестесі ұсынылды. Елге оралмаған боздақтар есімі бір минөттік үзіліспен метроном үнімен еске алынды да, іле отшашу берілді.
Алаң майдан әндерімен көмкерілді. Егемен еліміздің болашақ сақшылары салтанатты қарауылда сап түзеді. Ресми бөлім тәмамдалғанда қала кәсіпорындары мен мекемелерінен азат етуші жауынгерлер ескерткішінің етегіне гүл шоқтары қойылды.
Ел намысын абыроймен қорғағандардың құрметіне шеру ұйымдастырылды. Қорғаныс істері бөлімі бастығының жетекшілігімен интернационалист-жауынгерлер өтіп барады. Осы сапты спортшы жастарымыз – аудандық, облыстық, республикалық жарыс жеңімпаздары, ҚР чемпионатының чемпиондары мен жүлдегерлері жалғастырды. Мектеп оқушылары мұғалімдерімен бірге сапты толықтырды. Олар соғыстан оралмаған, бертін дүние салған майдангерлердің фотосуретін қолына ұстап шықты.
Шара мерекелік концертпен тәмамдалды.

Людмила МАРКОВА.