ФАРИЗА ОҢҒАРСЫНОВАНЫҢ ШЫҒАРМАСЫ ЖАҢҒЫРДЫ

Шахта Социал мөлтекауданындағы №1 негізгі мектептің жиналыс залында аудандық мәнерлеп өлең оқу конкурсы ұйымдастырылды. Жарыс алаңына ауданның негізгі мектеп оқушылары шақырылды. Өнер сайысы ғұмырының 37 жылын бала оқытып-тәрбиелеу ісіне арнаған ұлағатты ұстаз, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің білікті маманы Гүлзия Сабырқызы Жолдаспаеваны еске түсіруге арналды.
Жас мұғалима мектеп табалдырығын аттаған сәттен маман, ұйымдастырушы, директордың оқу ісі бойынша орынбасары, директор ретінде өмірінің соңына дейін ағарту саласында еңбек етті. «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық құжат аясында аудандық білім бөлімі бастама көтерген конкурс қазақтың танымал ақын қызы Фариза Оңғарсынованың шығармасын қамтыды. 6-7, 8-9 сыныптың 21 оқушысы сахнада бақ сынауға ниет білдірді.
Жас директор Тоқтар Әубәкіровтың жетекшілігіндегі мектеп ұжымы ұстаз өмірінен тартымды бейнебаян әзірлеген, ғұмырнамасына шолу жүргізді, музей мүйісін безендірген. Осының бәрі Гүлзия Сабырқызы дәл қазір ортамызда жүргендей әсер берді. Гүлзия Жолдаспаеваның отағасы, балалары, бауырлары алғашқы конкурстық шараға мейман ретінде шақырылды. Беташар сәттің тартымдылығы сондай, көпшілігі қимастықтан жанарына жас үйірді. Аудан мектептерінің оқушылары мен мұғалімдері ән орындады. Өлең оқу бәсекесінің өткізілім мақсаты, үміткерлерге қандай талап қойылатыны, төрешілердің есімі жария етілді. Әрбір сайыскер өз таңдауы бойынша мәнерлеп оқуға автордың 1-3 өлеңін дайындап келген. Ақынның қаламынан шыққан «Телефон», «Әкеме», «Анама», «Сандуғаш», «Мен жігіт болғым келеді», «Туған жер», «Әке туралы монолог» туындысын оқыды.
Әділқазы өкілдері: Манап Әдірешев, Бекай Нұрмұханов, Сырым Әбжіков, сондай-ақ туысқандары ақтық нәтижесін жарияламас бұрын, елгезек жан, ұлағатты ұстаз, адал жар, қамқор ана, жанашыр әпке, сыйлы құдағи жайында естелігімен бөлісті. Оқушылар қорытынды мәліметті тағатсыздана күтті. Жоғарғы санатты ұстаз, кәсіптік қызметтегі бірқатар ілтипат иегері Бекай Нұрмұханов іс барысына жан-жақты талдау жасады, өз әріптестері-филологтарға құнды кеңес пен ұсыныс берді. Тақырыптың, кейіпкер мінез-құлқының ашылымына, өлеңнің образына, дыбыс мәнеріне, музыкамен көркемделуіне, сахналау ыңғайына назар аударуды, конкурсқа дәстүрлі сипат бергізуді ұсынды. Гүлзия Жолдаспаеваның қызы туыстарының атынан сөйлеген сөзінде шараны ұйымдастырушыларға алғысын жолдады, мектептің мұғалімдері Торғын Боранбаева мен Раиса Шәйзинаға естелік сый ұсынды. Аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерущісі Қатима Әубәкірова аудан мектептерінде бірнеше буын ұрпақтың оқу-тәрбиесінде өшпес із қалдырған мұғалімдерді еске түсіру шарасының ұйымдастырылғанын әңгімеге негіз етті. Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектепте өткен алғашқы кешіміз соғыс ардагері Темірғали Жапабаевтың рухына бағышталды.
Ажы, Бестоғай, Еңбек, Ынтымақ, Елтай, Жаңажол, №1 негізгі мектебінің оқушылары өнер жарысында алғаш рет бақ сынады. Әрине, олардың толқып-қобалжығаны да рас.
6-7 сынып оқушыларының арасында жүлделі орын келесідей тәртіппен үлестірілді: Ережеп Ерназ (№1 НМ, мұғалімі Г.А.Аманжолова), Мирас Дахаев (№1 НМ, мұғалімі Г.Ш.Оразбаева) үшінші орын алды. Сәбит Жұлдыз, Тілеубек Бағнұр (Бестоғай НМ, мұғалімі Қ.Х.Мусина) екінші орынға ілікті. Мұрат Күнсәуле (Новокаменка ОМ, мұғалімі Зархум Таня) бірінші орынды иеленді.
8-9 сынып оқушыларының арасындағы жүлдегерлер: үшінші орын алған – Карина Молдахметова (Елтай НМ, мұғалімі А.К.Әпенова), Нұрбек Анар Новокаменка ОМ, мұғалімі Хурмет Лена); екінші орын иегерлері – Дильназ Нығметова (Бестоғай ОМ, мұғалімі Д.Д.Дүйсембева), Бекполат Мөлдір (№1 ОМ, мұғалімі Г.А.Аманжолова). Бірінші орында – Ермек Айжан (Бестоғай ОМ, мұғалімі Д.Д.Дүйсембаева).
Қатысушылардың бәріне аудандық білім бөлімінің сәйкестелген дәрежедегі грамотасы, Гүлзия Сабырқызы Жолдаспаеваның отбасының атынан естелік сыйлық ұсынылды.
Шара барысында демеушілерімізге: Н.Маңдаевқа, Н.Т.Бәйкеновке, Шошақовтар жанұясына, Ж.Тілеубердиновке, «Мега бетон» ЖШС зауытының атына алғыс айтылды.
Аудандық конкурс жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтті, оқушыларға қоса қонақтарды да игі әсерге бөледі. Шара Фариза Оңғарсынованың мұғалімге арналған тартымды өлеңімен тәмамдалды.
Раушан БАРЖАҚСЫ.
Суретті түсірген автор.