ХАТ ТАСУШЫ ЖІБЕК

Хат тасушы кәсібінің негізі үш ат жегілген арбакештің пошта жеткізген кезеңінен бастау алады. Ол жөнінде ән де жазылды. Бертін оларды пойыз бен ұшақ, телефон мен Ғаламтор алмастырды. Бүгінде әлемнің әр шалғайынан тікелей жылдам хабар алғызатын мүмкіндік мол болса да, пошташы кәсібі, әсіресе ауылда, сұранысын жоғалтпайды.
Әдетте бәрі бұл кісіні әртүрлі көңіл-күймен қарсы алады. Үкілі үмітпен алыстан сүйінші хат-хабар күтеді, айына бір мәрте зейнетақысын, күнделікті мерзімдік басылымын алады.
Жібек Мергенқызы Сосанованың Ақмырза ауылдық округіндегі салалас мекемеде еңбек еткеніне жиырма жылға жуықтапты. Кейіпкеріміз осы өңірдің төл тумасы. Сондықтан өңірдегі Ақмырза мен Жолбасшының әрбір көшесі, үйі, тұрғыны ол кісіге бес саусақтай жақсы таныс. Бүгінде жерлесіміз жалпы 100-ден астам отбасына қызмет көрсетіп келеді. Әдетте қариялар күннің жылы уағында аулада өткенді еске түсіріп, әңгіме шертеді. Қандай басылымды жаздыру, көкөніс баптау негізінде ақылдасады. Негізінен бағасы көңілге қонымды аудандық газетті таңдайды. Өйткені журналдың жазылу құны қаражат ыңғайымен ұдайы үйлесе бермейді. Оқырмандардың көбі ауыл еңбеккері жайында көбірек мақала берілгенін жөн көреді.
Жібек Мергенқызының айтуынша, құттықтау мен жарнама басылғаны да дұрыс. Өйткені бұл ақпарат та сұранысқа ие. Пошташы өз өңірінде жылына екі мәрте газетке жазылу науқанын жүргізеді. Рас, қазір оқырман қатары аз. Ертеректе әрбір мерекеде құттықтау хаты жолданып жататын, бұл үрдіс те азайды, – деп ой бөлісті кейіпкерім.
Егде адамдар поштаға келіп жүрмес үшін басылым түбіртегін өзім толтырып беремін, газеттен бөлек, өтініш бойынша, зейнетақысын қолға жеткіземін, телефонның төлемін жүргіземін.
Кейде адамдардың: ауылда жалпы пошта қажет пе өзі? Өйткені ақпараттық технология желісі кеңейді ғой, барлық хабар электронды үлгіде келіп жатады, деген пікірін естисіз. Әйтседе қымбатты жаныңыздың қолымен жазылған таныс қолтаңбасы кез келген электронды хабарламадан мың есе артық қой. Газет-журнал жарыққа шығып тұрған шақта, пошташылар жұмыссыз қалмайды, – деп жымияды ауылдасым, – бұрынғыдай, сөмкемізді арқалаған күйімізде оқырманымызға тиесілі басылымын уақтылы жеткізуге асығамыз.
Жұмыс істеген кезең ішінде Жібек Сосанованың атына шағым түсіп көрген емес. Жерлестер де ұдайы ризашылықпен жылы лебіз білдіреді. Ең негізгі жетістік осы.
Шынында да ол айналадағы жандардың бәріне адамгершілік ниет, қамқор пейіл танытады.
-Иә, жанары да, қуаты да әлсіз егде жанға тиісті қағазын толтыруға қалай көмектеспеске?,- деп ой түйді ол. Иә, көшеге шыққан сәтіңізде жерлесіңізге сүйеніш-жанашыр бола білсеңіз қандай ғанибет. Осы қасиетімізден еш айнымайықшы, дегім келеді.
Людмила МАРКОВА.