ОБЛЫС ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ

«Болашақ» балабақшасының тәрбиешісі Нұрсәуле Тасымованың ағарту жүйесіндегі жалпы еңбек өтілі – 11 жыл.

Астана гуманитарлық колледжін, «Көкше» академиясын тәмамдаған білікті маманның педагогика саласында өзіндік қолтаңбасы, жұмыс тәжірибесі мен әдістемесінің бары анық. Заман жаңалығына ден қоюды көздеген бастауыш топ оқытушысы «Мектепке дейінгі балалардың математикалық қабілетін дамытуда ойын технологиясының маңыздылығы» тақырыбы аясында ізденіске толы еңбегін жалғастырып келеді. Уақыт лебімен үйлесім тапқан кюизенер, триз, никитин, воскобович технологиясына да күнделікті жұмыс бабында қарындасымыздың барынша қызығушылық танытатыны, әдістемелік бағытты оқу-тәрбие ісіне енгізуді көздейтіні көңіл толарлық жайт.

Қаламыздың «Болашақ» балабақшасында тәрбиешілік қызмет атқарған 4 жылдың ішінде қызметтестермен де, ата-аналармен де жақын тіл табысып, бүлдіршіндерге де бауыр басып үлгергені – қазақ қызына лайық елгезектігінің, кішіпейілділігінің, инабаттылығының нәтижесі. Күні кеше кішкене күнінен қамқорлығына алған «Балапан» бірінші сәбилер тобы бүгінде оңы мен солын танитын «Балдырған» ересектер тобына өтті. Аманшылық болса, апайынан тиянақты білім, өнегелі тәлім-тәрбие алған, келесі жылы «Даярлық» тобына ауыстырылатын 27 балғын мектеп босағасын аттамақ.

Аудандық «Үздік педагог-2019» байқауында табысқа жеткен маман мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің облыстық конкурсына жолдама алған болатын. Тиісті бағдарлама бойынша берілген «Менің кәсіби кредом»; «Шығармашылық зертхана»; «Шеберлік сыныбы»; «Мен заманауи педагогпын»; «Портфолио» тапсырмасын тиянақты орындаған Нұрсәуле Тасымова төрешілердің назарына ілікті. Мәртебелі конкурстың «Жаңашыл педагог» атылымында облыстық білім басқармасының басшысы Талғат Жүнісовтың қолы қойылған Құрмет грамотасын, сала қызметкерлері кәсіподағының Грамотасын, ақшалай жүлдесін қанжығасына өңгерді. Бұл да қуанарлық жетістік.

Жерлесіміз әңгіме арасында жаңағы табысы үшін мекеме меңгерушісі Роза Махатоваға, аудандық білім бөлімінің әдіскері Елена Цемкоға, әріптестері Ләззат Жапабаеваға, Айман Оразбаеваға ризашылығын жеткізді. Күнделікті қызмет бабында ой-мақсаты бір арнаға тоғысатын, байқау алаңында қолдаушылар тобына ықыласпен енген, шығармашылық-актерлік негізде дем берген, әр топтағы ниеттес тәрбиешілер Ханшайым Сағынаеваға, Мақпал Бурханшинаға, Хасиден Сымбатқа, Аягөз Рысқұловаға, Шолпан Шуринаға алғыс айтады.

Баланы жанындай жақсы көретін, қызметін адал атқаратын, ұжымына сыйлы, мекемесінде беделді жан өз отбасында адал жар, үш перзенттің қамқор анасы. Тәуелсіз ел ұрпағын тәрбиелеуге, жас буынның келешек бағы мен жолын ашуға, өз есіміне сай айналаға білім нұры мен сәулесін шашуға ден қойып жүрген жылы жүзді жанның алда алар асуы әлі биік екеніне сеніміміз кәміл.

Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.