САПА – БАСТЫ ҚАҒИДА

Кезекті оқу жылы тәмамдалып келеді. Аудан мектептері өскелең ұрпаққа білім беру саласына жүктелген міндетті жүзеге асыруда қандай табыс, нәтиже байқатты? Білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Қатима Сапарбекқызы Әубәкірова жаңағы сұрағымызға келесідей мазмұнда жауап қайтарды.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» атты өзінің бағдарламалық құжатында: «…кез келген қазақстандық, тіпті жалпы тұтас ұлт, ХХІ ғасырға лайықты қасиетті иеленуі тиіс. Компьютерлік сауаттылық, шет ел тілін білуі, мәдени айшықтылық секілді қағидалар осы санатта алдыңғы орында тұрады», деп атап өткен.
-Ауданымызда оқушылардың ІТ жүйесіндегі білімін арттыруға негізделген қандай іс тындырылды? Неше кабинет ашылды, әлі қаншасы ашылмақ?
-Шәкірттеріміздің ІТ жүйесіндегі білімін шыңдау мақсатында 2018 жылы осындай тегін үш сынып ашылды. 2019 жылы 26 мектептің бәрінде жалпы 383 оқушыны қамтитын осындай сынып іске қосылды. Келешекте материалдық-техникалық әлеуетін нығайтатын ниет баршылық.
-Робот техникасының дамытылымы жайында не айта аласыз? Құрал-жабдықпен, материалмен, мамандармен қамтылым реті қандай?
-Қазіргі таңда Еркіншілік және Бөгенбай батыр атындағы орта мектебінде робот техникасымен жұмыс бейімін дамытуға лайықталған жиынтық баршылық. 2018 жылы БШҮ жанынан робот техникасының ақылы үйірмесі ашылды, балалар алғашқы конкурсқа да барып келді.
Жоғарыда аталған мекемелерде сертификатталған қызметкерлер жұмыс жүргізеді. Аудан мектептерінің жабдықпен қамтылымына келсек – 2020 жылға материалдық-техникалық әлеуетті жақсартуға қаржы бөлінісі жоспарлануда.
-Аудан мектептері оқушыларының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық құжаты шеңберіндегі ғылыми-зерттеу жұмысында қандай жетістігі баршылық?
-Бағдарламалық құжат аясында аудандық білім бөлімінің бастамасымен барлық мектептерде жоспарлы жұмыс жүргізілді. Жүзеге асқан ірі жобаға тоқталайын. 2017 жылдың қазанында Перуаш Кәрімұлы атындағы Малтабар орта мектебінде танымдық-тарихи конференция өткізілді. Мақсатымыз оқушыларды 1937-1954 жылдардағы, тоталитарлық режим құрбандарының аты-жөнімен, арасында ереймендіктер де болған, Алаш қозғалысының өкілдерімен, олардың тарихи құжаттарымен, есімі ескерусіз-белгісіз жандармен таныстыруға арналды.
Аудан мектептерінде Ерейментау аумағында жапа шеккен, қуғын-сүргін көрген тұлғалар тізіміне сәйкес, олардың аты-жөні, зұлмат жылдарындағы қызметінің мән-маңызы қамтылған тұсаукесер өткізілді. Шаршы топқа ауыл ақсақалдары, мектеп мұғалімдері, атқару билігінің өкілдері шақырылды. Тұсаукесерге қатысқандар мен олардың жетекшілерінің бәрі ақтық нәтижеде сертификатты иеленді.
Тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, техника ғылымдарының докторы, профессор Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровпен жүздесуіміз оқушылардың зор қызығушылығын, тың серпілісін туғызды. Нәтижесінде ұл-қыздардың техникалық мамандыққа ықыласы күшейді, патриоттық рухы жоғары деңгейге көтерілді, ғарыш саласына, жаратылыстану-математика пәніне әуестігі сезілді. Бұл жолы «Ғарыш әлемі» ғылыми жобасының тұсауы кесілді.
Балалардың дәлме-дәл ғылымға ынтасын күшейтуге бағытталған, ұлағатты ұстаз Балташ Сыздықұлы Дүйсеновты еске түсіруге арналған алғашқы жаратылыстану-математика пәні бойынша олимпиада өткізілді.
Соңғы жылдары түрлі пән мамандарының арасында тәжірибе алмасуға негізделетін дәстүрлі семинар өткізілуде. Өлеңті орта мектебі директорының оқу ісі бойынша орынбасары Ш.К.Залғаринаның семинары айрықша есте қалды. Іле-шала жаратылыстану-математика пәні мамандарының арасында «Үздік авторлық бағдарлама» конкурсы, ашық аспан астындағы музей ашылым жобасы, қазақ авторларының шығармасын ағылшын тілінде оқу жарысы ұйымдастырылды.
Біздерде әрбір білім ордасы өз жұмысын белгіленген бағыт бойынша жүргізеді, кейбіреуінің көңіл толарлық көрсеткіші де баршылық:
Новомарковка орта мектебі «Жас фермер» клубын ашты. «Рухани жаңғыру» бағдарламалық құжаты аясында 2018 жылы Көкшетау қаласында, Красный Яр селосында өткен «Жастар агрофорумы-2018: келешек біліктілер қолында» атты жиында Бас жүлдені олжаладық. Тайбай орта мектебі 2018-2019 оқу жылында «Бүркіт» әскери-патриоттық клубы негізінде бес кадет сыныбын ашты. Күншалған орта мектебі «Үрпек батыр ізімен…» ортақ атауымен экспедиция өткізді, нәтижесінде батыр ұрпақтарының үн қосуымен ескерткіш белгі орнатылды. Зерттеу жұмысымыз облыстық байқауда Грамотаны, 40 мың теңгелік сертификатты иеленді.
Бөгенбай батыр мектебінің ауласындағы «Кәрітау» музейінің ашылғаны баршаның есінде болар. Біздің жобамыз облыстық байқауда екінші орын мен 80 мың теңгенің сертификатын алды. Екі оқу орны – Өлеңті орта мектебі мен №4 орта мектеп туристік бағытта жұмыс істеуде. Білім бөлімінің «Бұйратау» МҰТП-мен бекіткен меморандумы негізінде мектеп оқушылары сол аумақта тынықты. Өлеңті орта мектебінің оқушылары облыстық слетке қатысты, жүлделі орын алды.
Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектепте эстетикалық бағытта «Рухани жаңғыру» кабинеті ашылды. Тоқсан сайын «Білім нұры» журналы шығып тұрады.
«Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасы аясында Ұлы отан соғысының ардагері, «Қазақ КСР-ы білім беру ісінің үздігі» Темірғали Жапабаевты, №1 негізгі мектептің оріс тілі мен әдебиеті сабағының мұғалімі Гүлзия Жолдаспаеваны еске түсіруге арналған шаралар өтті, түрлі жобалар іске асырылды. Еркіншілік орта мектебінде «Атамұра» музейі, Өлеңті орта мектебінде логикалық ой-қабілетіне арналған «INTELLECTUM» сыныбы ашылды.
-Әскери-патриоттық, адамгершілік тәрбиеге бағытталған шараларға, осы салада қол жеткен жетістікке тоқталсаңыз.
-Жаңа оқу жылынан бері Тайбай орта мектебінде 5 сыныптың 21 оқушысы қатысатын кадет сыныбы ашылды, оларға қосымша ретінде хореография, ән айту сабағы, жекпе-жек айқас, әскери іс пәні оқытылады. Д.Ж.Жаншуақов басқаратын «Патриот» клубы ашылған.
Осы мектептің оқушысы Совет Мухамед 2018 жылы Т.Бигелдинов атындағы Қарағанды «Жас ұлан» мектебіне түсті, қазір оқуын жалғастыруда.
Пневматикалық винтовкадан оқ атуға, Тұңғыш Президент күніне арналған Т.Шаханов атындағы №3 орта мектепте өткен аудандық жарыс келесідей нәтиже берді.
Командалық есепте Новомарковка орта мектебі бірінші, №3 орта мектеп екінші, Еркіншілік орта мектебі үшінші орын алды. Бозбала-бойжеткендердің арасында Новомарковкадан Төкен Асылтас, Дильназ Қабыкеева, №1 орта мектептен Айдос Мұстафин, Еркіншілік мектебінен Бейбіт Тілек, Олжабек Ырысгүл, Қазақ орта мектебінен Бақыт Март үздік шықты.
Тайбай орта мектебінде 2018 жылдың 19-20 желтоқсанында «Патриотизм – ұлттық рухтың асқақ бесігі» тақырыбына облыстық семинар өтті. Оған білім, қорғаныс бөлімінің басшысы, алғашқы әскери дайындық, география сабағының мамандары, аудандық білім бөлімінің әдіскерлері, Аршалы, Бұланды, Астрахан, Целиноград ауданының, Көкшетау, Степногорск қалаларының, өңіріміздегі ауған соғысы ардагерлерінің қоғамдық бірлестігінің өкілдері жиналды. Бір ай бойы «Ауғанстаннан әскер шығарылғанына 30 жыл» айлығының шаралар жоспары орындалды.
Әскери-патриоттық тәрбие жүйесін жетілдіру мақсатында аудан мектептерінде «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысына арналған жұмыс жүргізіліп жатады. Ізденіс, спорт, техникалық, тарихи бағыттағы үйірме мен клуб құрылған. Биылғы жылдың 22 сәуірінде «Жігер» стадионында 9-10 сынып ер балаларының арасында әскерлендірілген кросс өткіздік. Аудан мектептерінен 9 команда қатысты. Командалық есепте №4 орта, Еркіншілік, Сілеті мектептері көш бастады. Жекелей есепте түрлі жарыс бойынша өз жеңімпазы анықталды.
Астрахан ауданының №2 Жалтыр орта мектебінде интернационалист-жауынгер А.У. Құрманғалиевқа арналған облыстық шарада Тайбай орта мектебінің оқушылары жалпыкомандалық екінші орынды иеленді.
-Каникул уағындағы балалардың жазғы демалысына, ҰБТ тапсырылымына, қамқоршылық кеңесіне арналған жоспарыңыз қандай?
-2019 жылдың жазғы демалысымен 4825 баланың 4005-уін қамтымақ ниеттеміз. 9-10 сыныптың 820 оқушысы мемлекеттік емтиханға кіреді. 682 оқушыны мектеп жанындағы және сауықтыру лагеріне жібереміз. Олардың ішінде 180 бала бюджет арқылы «Жұлдыз» сауықтыру орталығында тынығады. Бұған қоса каникул уағында аудан мектептерінде тіл мектебі, яғни тіл лагері іске кіріседі. Ол үш тілді оқытуды мақсаттық негізге алады. Мектептің жанында айналаны көгалдандыратын топ құрылады.
ҰБТ тапсырылымына әзірлікке келсек, мектеп оқушылары бұл сынақтан бірінші жыл өтіп жүрген жоқ. Сондықтан жоспарлы жұмыс осы негізді қамтиды. Мектептегі қамқоршылық кеңесінің жұмысын сұрасаңыз – ауданда бұл жүйеде көпжылдық тәжірибе қалыптасқан. 26 мектептің 20-сында 216 адам кіретін осындай ұйым құрылған. Жаңажол, Еңбек, Елтай, Новокаменка, Жаңатұрмыс, Байсары негізгі мектебінде ол жоқтың қасы.
-Кезекті оқу жылы тәмамдалып қалды. Жас педагогтарға, мұғалім мамандығын таңдайтын талапкерлерге айтар тілегіңіз?
-Өскелең ұрпақ тәрбиесі мұғалімге байланысты. Бұл мамандық иесі ұдайы мәртебелі, сыйлы болды. Оқушылардың лайықты оқу-тәрбиесі көбінесе педагогтың өзінің білім деңгейіне, тәрбиелілігіне байланысты. Бастапқы адами қасиетті, жастардың санасына патриоттық рух сезімін сіңіруде мұғалімнің рөлі ауқымды да жауапты. Сондықтан мұғалімдік кәсіп – зор мәртебе. Қоғам педагогқа түсіністікпен қарауы, мәртебесін қолдауы тиіс.
Дайындаған Раушан НҰРҒАЗИНОВА.