ТАБЫСҚА ҰМТЫЛУ!

Алдағы сайлауда ел Президенттігіне дауысқа түсуге ниет білдірген үміткерлердің тіркелімі тәмам болды.
«Ақжол» халықтық-демократиялық партиясының атынан жаңағы мәртебелі лауазымға ұсынылған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Дәния Мәдиқызы Еспаева жуырда өңірімізге келді.
№8 Агротехникалық колледжінде өткен тырнақалды жүздесуінде оқытушылар ұжымы мен студент жастармен емін-еркін ашық әңгіме өрбітті. Форумды ашқан білім ордасының директоры Руслан Хамзин қонақтарды таныстырып өтті.
Партияның төрағасы Азат Перуашев әрбір партия бүгінгі таңда ҚР Президентінің алдағы кезектен тыс сайлауына өз үміткерін ұсынып жатқанын айтып түсіндірді. Бүгінгі жаңалық барша көпшіліктің, әсіресе алғаш дауыс беретін жастардың есінде қалатынына сенім білдірді. Алдында айтылғандай, үміткердің бұл өңірге сапарының мақсаты сайлауалды тұғырнамасын жария етуге, халықтың аманаты мен мұң-мұқтажына назар аударуға, ашық әңгіме арқылы пікір алмасуға арналды.
Экономика, ел тұрмысының оңалтылымы – мәртебелі лауазымға сайланған жағдайда көзделетін негізгі міндет осындай. Отандық өндіріс иелерін сүйемелдеу, тамақ өнеркәсібін және басымдық берілетін өзге салаларға жеңілдік тәртібімен несие бөлінісі – үміткердің келешектегі жұмысының негізгі бағыты.
Кездесуде негізінен іскерлік кеңес ретінде аграршыларды, шағын және орта бизнесті сүйемелдеуге, колледж түлектерінің келешекте өз ісін өркендетуге лайықталған бизнес-құрылымын жасақтауға ден қойылды.
Дәния Еспаева әңгіме барысында өз өмірбаянын жариялаумен қатар оқу орны түлектерінің еңбекке орналастырылымына да қызығушылық танытты. Бозбала-бойжеткендерге өз ісінің бесаспап маманы атануға, өз бизнесін жаңа уақыт деңгейіне сай дамытуға тілектестік ниет білдірді. Әңгіме түйіні келешек тиянақты білімде деген ойға жетеледі.
Ниет білдіргендерге өзін толғандыратын сұрағын қоюға мүмкіндік берілді. Жиылған қауым экология жағдайына, зейнеткерлік жас шамасын қайта қарастыруға, білім жүйесін реформалауға, АӘК есептелімінің жаңа үлгісіне, көпбалалы ана мәртебесіне, «Ақжол» партиясының жастар қанатының бар-жоғына қатысты сауалға қызығушылық танытты. Жаңағы сұрақтардың бәріне сәйкестелген анықтама берілді, тұжырымды жауап қайтарылды.
Делегацияның құрамында «Ақжол» партиясы төрағасының ороынбасары Қазыбек Иса, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Барлыбаев болды.
Бұл күні дәл жаңағыдай кездесу Перуаш Кәрімұлы атындағы Малтабар орта мектебінде де жалғасты.

Нұрлыбек ТӨРЕГЕЛДІ.
Суретті түсірген Зухра ТАСБОЛАТОВА.
Жариялану ақысы үміткердің сайлау қорынан төленген