ЖАҚСЫЛЫҚ ҮМІТІ ҮЗІЛМЕЙДІ

Бүгін ел Президенттігіне үміткерлердің бірінің сайлауалды тұғырнамасына құлақ түрдім. Ол республиканың агроөнеркәсіп кешенін дамытумен орайласқан кейбір бағдарламаның қожыраған себебін түсіндірді. Ауыл шаруашылығын, осы санатта мал өсімін қарыштата тиімді өркендетудің төрт қағидасына: жемазық, сиыр, кадр, жайлылық мәселесіне назар аударды. Ал ауыл адамына бәрінен бұрын еңбегіне лайықты жалақы, тағам, келешегінен үміт күттіретін кадр, тұрмыс жағдайының жақсартылымы қажет.

Бестоғай ауылдық округіне жуырда сапарға шыққан сәтімізде әкім Джомарт Мусинмен әңгімелестік. Жерлесіміз қазіргі көктемгі-жазғы мезгілдегі жағдайды қысқаша сипаттап берді. Округтің өнім дайындаушылары егіншілікті, ішінара мал шаруашылығын өркендетуге ықылас танытады. Табиғи жағдайдың өзі бұл кәсіппен орайласып тұр. Ақмарал Оспанова басқаратын «Аббас групп» ЖШС суармалы жүйе іске қосылатын жалпы 80 гектар алқапқа картоп өсіруді жоспарлады. Тұқым қоры, еңбек құралы қазіргі таңда іске кірісуге толық даярланған. Әкімнің айтуынша, серіктестік халықтың өткен жылғы еңбегіне 3,5 миллион теңге борышын өтеуге уәде беріп отыр. Қазіргі таңда ол 6 адамды жұмысқа алған. Ерлан Сұбханқұлов басқаратын «Алтын Сақа» шаруа қожалығы дақыл баптаудың богарлық тәсіл қолданысымен, 50 гектарға картоп отырғызбақ ниетте. Келешекте тамшылатып суару тәсілі енгізіледі. Егіс жұмысына қажетті техника жиынтығы толық.

Марат Мықтыбаевтың бастамасымен құрылған, 500 бас уақ мал күтетін «Бірлік» ЖШС өз кәсібіне жаңа ғана кірісті. Фермердің еншісінде дәнді және малазықтық дақыл баптауға лайықты егістігі, оған қоса шабындығы баршылық. Төрт адамды тұрақты жұмысқа қабылдаған. Материалдық-техникалық әлеует біртіндеп нығайтылып келеді, ауыл шаруашылығы техникасы қолма-қол ақшаға алдырылуда.

Елді мекенді көріктендіруге, таза ұстауға, көгалдандыруға арналған айлық уағында белгілі жұмыс жүргізілді. Жұмыспен қамту орталығынан жіберілген адамдар бетон қоршауды, бағананы, аялдаманы ағартып берді. «Эко Жәрдем» коммуналды кәсіпорнының қолдауымен жалпы 620 мың теңгеге Бестоғай мен Байсарыны жалғайтын көпір қалпына келтірілді. Байсарыда жолдың ой-шұңқырын тегістетуге ақша бөлінді. Фельдшерлік-акушерлік мекеменің төбе жабуы жөндеу күтеді. Кен қазбасын кәсіп ететін «Қызылту» өндіріс орны иесіз төрт үйдің орнын тегістеуге техника бөлді. Бестоғай ауылына су жүретін құбыр тартуға арналған жобалық-сметалық құжаттама даярланды. Қызылтудан Бестоғайға бала таситын мектеп автобусының жаңартылғаны жөн болар еді.

Джомарт Мусин дала өртін өшіруге үн қосқан, демеушілік және өзге көмегін ұсынған шаруашылық жетекшілеріне, осы санатта: «Арқа ажары», «Бестоғай-2030» шаруа қожалығына, «Стаханово Агро», «Бірлік» серіктестігіне, арнайы Кәкен Жаңбырбаевқа, Жаңабатыр Қаппасовқа, Серік Шоқпытовқа, Марат Мықтыбаевқа ризашылық алғысын жолдады.

Ауыл мамыражай, қалыпты тірлігін жалғастыруда, мұқтаж жандарға тегін қол ұшын созып, бірін-бірі сүйемелдеп келеді. Бәлкім, бұл өмір заңдылығы болар.

Раушан БАРЖАҚСЫ.