ДЕМ АЛДЫҚ, БОЙ СЕРГІТТІК, ОЙНАДЫҚ БІЗ

Сенбі-жексенбіде жалпы он алты мектептің әуесқой спортшылары мәдени-спорт кешенінің ойын залына «Мұғалім-2019» аудандық спартакиадасына жиналдық.

Ойыншыларға жылы лебіз арналған, тәуелсіз республикамыздың Әнұраны әуелеген ресми бөлімнен кейін, танымал өнерпаздарымыз Әлішер Бекбаулы күмбірлеген күйімен, Хуанбай Нұрболат әуезді әнімен баршаның бойын сергітті.

Ізінше әрбір жарыстың төрешісі тағайындалды да, білім ордаларының ұжымдары көңілі қалаған ойынға қосылуды ұйғарды.

Таңғы сағат 10. Топқа жіктелген волейболшылар жарысы спорт залынан бөлек, Бөгенбай батыр, Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектепте, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ бәсекесі №2 орта мектеп-лицейде, үшсайыс №3 орта мектепте, үстел теннисі №8 АТК-де өтетін болып келісілді.

Түске дейін іріктеу кезеңінен өтіп келген, қарсыласын сәтімен ұтып шыққан, таңдаған ойын әдісіне төселген үздік командалар, түскі дәмнен кейін мәрелік ойынға қайта жиналды. Сонымен әрбір ойын түрінен толымды нәтиже байқатқан жекелеген мектеп мамандары жүлделі үш орынды қанжығасына өңгеріп жатты. Енді 1-2-3 орынды иеленген жүлдегер әріптестерімізді мақаламызда аталу ретімен бөлек-бөлек тізбектейік. Үшсайыс: №3 орта мектеп; Бөгенбай мектебі; №1 орта мектеп. Дойбы: Еркіншілік орта мектебі; №1 орта мектеп; Тайбай орта мектебі. Үстел теннисі: №2 орта мектеп-лицей; Бөгенбай мектебі; Тайбай орта мектебі. Тоғызқұмалақ: Бөгенбай мектебі; №4 орта мектеп; Еркіншілік орта мектебі. Шахмат: №4 орта мектеп; Новомарковка орта мектебі; Еркіншілік орта мектебі. Городки спорты: Ақмырза мектебі; Бөгенбай мектебі; №4 орта мектеп.

Әрбір ойынның өз жанкүйері, кәсіби бесаспап шебері болатыны заңдылық. Алдыңғы аталған ойын түрлеріне қоса волейбол да өз жеңімпазын біртіндеп даралап жатты. Іріктеу кезеңінде өзіндік тәжірибесімен, шеберлігімен дараланған ойыншылар мәрелік бәсекеде де алдыңғы жүрісінен жаңылмады. Қарсыласына есе жібермеуге, қапыда мүлт кеткен әрбір доптың қарымтасын қолма-қол қайтаруға ықылас танытты. Осылайша өз мектебінің ұпай қоржынын сәт сайын еселей берді, ептілік, ширақтық қабілеті арқылы әріптесін сүйсінтті. Қорытынды кезекте бәрін басып озған үш команда дүркіреп алға шыға келді. Тіпті төрешілердің өздері де оған қайран қалды. Нәтижесінде Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектебінің волейболшылары бірінші орын төріне көтерілді. Екінші тұғырға Бөгенбай мектебінің ойыншылары, үшінші сатыға Еркіншілік орта мектебінің спортшылары жайғасты.

Жарыстың ең қуанышты сәті келіп жетті. Білім қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Рымтай Жақина жүлделі орын алған топ ойыншыларының бәріне тиісті дәрежелі аспалы медаль, Мақтау қағазын, командасына естелік сыйлық ұсынды. Ал жалпыкомандалық есеп қорытындысында Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебі суырылып алға шықты. Екінші орын №4 орта мектепке, үшінші орын Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектепке бұйырды. Бұл үш команданың үшеуі де жеңімпаз кубогымен көтермеленді.

Жеңілген ойыншы жоқ. Ыстық ықыласты жүздесудің өзі кез келген жеңістен мың есе артық. Оқу-тәрбие ісін бұқаралық спортпен, саламатты өмір салтымен шебер ұштастырған ұстаздардың әрбір қадамы баршаға мол өнеге. Баршасының риза көңілі, әріптеске байқатқан кең пейілі, ынтымақ-бірлігі, жанкүйерлердің ризашылық лебізі сәтімен жарасымын тауып жатты. Лайым бәрімізді мәртебелі спорт алаңында, жеңісті күндерде жүздестірсін, ардақты жерлестер!

Нұрлыбек МҰРАТБЕКҰЛЫ. Суретті түсірген автор.