СЫБАЙЛАСТЫҚ – БӘРІМІЗГЕ ЖАТ ҚЫЛЫҚ

Сыбайлас жемқорлық дүние жүзінің барлық елдерінде теріс құбылыс ретінде таныс. Нағыз экономикалық гүлденуге сыбайлас жемқорлық құбылыстарын азайтқан мемлекеттер ғана қол жеткізетіні де белгілі. Себебі, ол қоғамның барлық салаларына: экономика, әлеуметтік сала, саясатқа әсерін тигізеді, ал осы құбылыстан туындайтын теріс салдары қоғамның ілгері әрі қарқынды дамуына кедергі келтіреді, ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне нақты қауіп төндіреді.

Қазіргі таңда оның түпкі мәнісі тиісті заң ережесінен тыс өз мүддесінде материалдық және заңдық артықшылықтарды алуды, «өз» адамдары есебінен жеке мәселесін шешуді көздейді. Парақорлық амалы мемлекеттік органдардың тиісті қызмет ырғағына, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқығы мен заңды мүддесінің бұзылуына түрткі болады. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес, бұл кеселге барлық мемлекеттік органдар мен ұжымдағы лауазымды тұлғалар тосқауыл қоюы тиіс. Мемлекеттік орган, ұжым, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін іске тартуға, заң талабының орындалымына ықпал етуге міндетті.

Біздің Ерейментау аудандық қазынашылық басқармасында да аталмыш бағытта жобаланған, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы жылдық іс-шара жоспарымен үйлесімді жұмыс атқарылып жатыр. Осы негізде басқармада сенім телефоны іске қосылған, тұрғындардың арыз-өтініш жәшігі орнатылған. Азаматтардың жазбаша шағымы сыбайластыққа қарсы тиісті шара қолдануға негіз болады. Мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқығы мен бостандығын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.

Мемлекеттік қызметшілердің жемқорлық қылмысқа және осы тұрғыдағы құқық бұзушылыққа жиі бой алдыратыны анықталған. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейінің, әдептілік ұстанымының төмендігі септесетін болса керек. Кейбір мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылығы, кәсіби әдебінің әлсіздігі, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Бұл орайда, мемлекеттік мекемелерде өзекті тақырып қамтылған арнайы дөңгелек үстел мен семинар өткізіледі.

Қазынашылық басқармасында Елбасы Жолдауының тезистері, мемлекеттік қызметкерлердің Ар-намыс Кодексі қамтылған стенд безендірілді.

Жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекеттік органдардың, мемлекеттік қызметкерлердің, тұтастай қоғамның басты міндеті мен борышы. Осы кеселге қатаң бағытталған мемлекеттік бағдарлама жоғары деңгейдегі жауаптылықпен іске асырылуы тиіс.

 

Гүлсім СӘДУАҚАСОВА,

Ерейментау қазынашылық

басқармасының басшысы.