ТАРИХ ПЕН ШЕЖІРЕ АЙНАСЫ

Әрбір елдің өзінің мақтан тұтатын мәдени-тарихи мұрасы болады. Ата текті білудің, ата-бабаны қастерлеудің түпкі мәні халқыңды, еліңді құрметтеуге негізделеді. Музей қызметкерлері тарихқа барынша бейім, оны қастерлей біледі, жан-тәнімен сүйеді, көпшілікке де кеңінен насихаттап отырады.

18 мамырда Бөгенбай батыр атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейі Ашық есік күнін өткізді. Салтанатты шараға туған өлке тарихы мен мәдениетіне ықылас қоюға ниеттілердің бәрі шақырылды.

Көне жәдігерлер өткен өмірімізден сыр шертеді, адамдардың тұрмыс салтын, өмірін, ой-арманын, сана-сезімін көз алдыңызға елестетеді.

Директор Ләззат Түгелбаеваның жетекшілігіндегі қызметкерлер дәл жаңағы игілікті істі сәтімен атқарып келеді.

Межелі уақытта мекеме ауласына өнерге әуес жандар, еңбек ардагерлері, тыл еңбеккерлері, қала мектептерінің мұғалімдері мен оқушылары, баспасөз өкілдері, жалпы өлке мәдениетіне етене жақын жандар жиылды.

Аудан әкімі Абай Әлжанов салтанатты шараға қатысты. Музей қызметкерлерін төл мерекесімен құттықтады, игі еңбегіне алғыс айтты. Тарихи орданың негізін қалауға, дамуына үн қосқандарға, сала ардагерлері мен бүгінгі қызметкерлеріне ілтипатты лебізін арнады.

Мүлік қорын толықтыруға тікелей үн қосқан, түрлі затты, тарихи құжатты, тұрмыстық бұйымды тегін ұсынған, осылайша өлкеміздің бай тарихын көздің қарашығындай сақтап келген қала тұрғындарына Алғыс хат ұсынды. Олар: Жанар Халибекқызы, Гүлстан Тілеубердиева, Роза Махатова, Дина Оспанова, Әсемгүл Шайхина, Гүлбарам Сәрсенбаева, Ермұқан Жапабаев, Ерғали Жақин, Алена Кубрина, Марина Шестакова, Наталья Курникова, Балдырған Құланбаева.

Мерекені жүргізген мекеме директоры Ләззат Түгелбаева мен Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Ұрқия Қанафина 1991 жылы айтулы қолбасшы Бөгенбай батырдың 300 жылдығы құрметіне 1991 жылы ашылған ғимараттың тарихына тоқталды. Сол уақыттан бері ол қаламыздың негізгі көрікті орнына айналды. 1999 жылы музейге XVIII ғасырда әйгілі қазақ әскерінің қолбасшысының бірі болған, танымал әскербасы Абылайханның үзеңгілесі Бөгенбай батырдың атын бергізуге шешім қабылданды.

1999 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осында құрметті мейман болғаны аудан тұрғындарын айрықша мақтаныш сезіміне бөледі. Мемлекет басшысы дәл жаңағы айтулы сәтте аудан тарихымен танысты, қызметкерлерінің еңбегіне алғыс айтты, Құрметті қонақтар кітабына қолтаңбасын қалдырды, естелік сыйын ұсынды.

2005 жылы «2005-2007 жылдарға арналған мәдени мұра» бағдарламасы аясында ғимарат жөндеуден өтті де, жаңа экспозиция ашылды. Қолдағы бүкіл дүние-мүлік төрт залға орналастырылды. Нәтижесінде көпшілікті тарихпен, палеонтологиямен, өлке археологиясымен, табиғатымен таныстыруға мүмкіндік туды.

Көрме мүйісінің жекелеген бөлігі жергілікті суретшілеріміз бен қолданбалы өнер шеберлерінің еңбегіне арналған. Музей ауданның ардагерлер кеңесімен ынтымақты байланыс орнатқан, қаланың мектептерімен өлкетану бағытында бірлескен шара ұйымдастырады. Әріптестер ауданның тарихи-археологиялық ескерткіштерін зерттеуге арналған экспедицияға шығып тұрады. Жұртшылықтың, мәдениет қызметкерлерінің қолдауымен театрландырылған көрініс, ел тарихына арналған қойылым ұсынылды. Олар: 1710 жыл Қарақұмда мемлекеттігіміз қалыптасқан оқиға, аты аңызға айналған қос тұлға -Саққұлақ би мен Шоқанның әңгімесінен үзінді, халық ақыны Бекболат Меркемелиденұлының майдандағы ұлы Рәшитке жазған хаты, Ереймен жерінде алғашқы тыңгерлерді қарсы алу сәті. Көрермендер олардың бәрін ықыласпен қабыл алды. Мерекелік шараны Гүлнәр Жүнісова мен Мереке Алдасүгіров тәмамдады. Бүгінгі күні музей қорында жалпы 3000-нан астам жәдігер сақтаулы тұр. Киім-кешек жиынтығын толықтырған дүниенің бір бөлігі 1995-2019 жылғы кезеңде жинақталды. Жұртшылық оның нақты үлгісін тамашалады. Музей директоры әңгіме түйінінде көңілге мол әсер қалдырған, баршаны бір арнаға біріктірген шара қонақтарының бәріне алғыс айтты.

Людмила МАРКОВА. Суретті түсірген автор.