БІЗ – ЖҮЛДЕГЕРЛЕР ҚАТАРЫНДАМЫЗ

Осы аптада Көкшетау қаласының Мағжан Жұмабаев атындағы обылстық әмбебап кітапханасында «Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық конкурсына қатысушыларды марапаттау рәсімі өтті. Шаршы топқа өңірлік басылымдар мен жергілікті телеарнаның шығармашылық қызметкерлері шақырылды. Шара алда аталып өтетін Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен орайластырылды.

Ұйымдастырушы әрі бастама иесі – Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы. Басқарма басшысы Ғалым Шойкин биік мінберден барша қаламгер әріптестерге ізгі лебіз жолдады, жергілікті газет пен оның журналистері қоғам мен атқарушы билік арасындағы байланыстырушы жүйе екенін атап өтті.

Арнаулы құзыретті комиссия бұған дейін конкурсқа жолданған авторлық мақалалар мен хабарламалардың жалпы мазмұны мен сапасын, тақырыптың ашылым деңгейін мұқият талдаған болатын.

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» конкурсының қорытындысы бойынша аудандық «Ерейментау», «Ереймен» қоғамдық-саяси газетінің редакторы Раушан Нұрғазинова, осы басылымның тілшісі Нұрлыбек Төрегелдин облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың қолы қойылған Алғыс хатпен, бағалы сыйлықпен көтермеленді.