ӨНЕРІМЕН АСҚАҚТАТТЫ БЕДЕЛІН

Өнер айдынында бағы жанған, мерейі еселенген жерлестеріміз биылғы дәстүрлі «Ақмола жұлдыздары» облыстық халық шығармашылығы байқауында да қайталанбас бірегей дарынымен көпшіліктің көңілінен шықты.
Белгілі айтыс ақыны Ерлан Дәулет қаламызға кіреберістегі үш жүздің ынтымақ-бірлігін айшықтайын «Үш найза» ескерткіш белгісінің алдында барша қауым жылы қарсы алған, бүгінгі шарамызға қазылық жүргізетін облыстық меймандарға арнауын өлеңмен жеткізді. Ақ жаулықты әжелердің шашуы шашылды.
Дәл осы сәтте Үмбетей жырау атындағы аудандық мәдениет үйінің алаңында қазақ ұлтының тарихын айшықтайтын «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының желісімен көрініс даярланып жатты. Ауылдық округтердің өнер иелері, мәдениет қызметкерлері, Айхан Бекетай, Дамир Жақсылықов бірлесе үн қосты.
Мәдениет ошағының фойесінде аудан суретшілері мен қолөнер шеберлерінің еңбегімен безендірілген көрмесі барлығын тамсандырды. Aры қарай оқу

ЗАМАНА ЛЕБІН ЕРТЕ БОЛЖАҒАН

Жаңартылған білім берудегі Жүсіпбек Аймауытов қалыптастырған оқытудың дұрыс жүйесі
Мақаламда тәлім-тәрбие саласында өзіндік бағыт-бағдар қалыптастырып кеткен ұстаз, көрнекті қайраткер Жүсіпбек Аймауытов қарастырған оқытудың дұрыс жүйесінің жаңартылған білім беруде көрініс тауып, қолданылып келе жатқандығы салыстырмалы түрде сипатталатын болады.
Ұзақ жылдар бойы “ұлтшылдық” әдебиеттің өкілі деген айып тағылып, жазықсыз жапа шеккен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті қайраткерлерінің бірі Ж.Аймауытов жазушылығымен қоса қазақ топырағында тұңғыш педагогика, психология, көркемөнер ғылымдары саласында қалам тартқан, құнды-құнды ғылыми-зерттеу еңбегімен, бірнеше оқулықтар мен оқу құралдарының авторлығымен дараланған ірі тұлға.
Ж.Аймауытов бұрынғы Семей губерниясының, Кереку (қазіргі Павлодар) уезінің Қызылтау болысында, кедей шаруасының отбасында дүниеге келген. Ол Павлодарда орыс-қазақ мектебін, әрмен қарай Семей мұғалімдер семинариясын (1918 жылы) бітірген. 1917-19 жылдары алашорда ұйымына кірді. 1911-14 жылдар арасында Баянауылда бала оқытқан, кейінгі жылдары әртүрлі қызмет атқарған. 1920 жылы РК (б) П қатарына өтті. Қазақстан Советтерінің съезіне делегат болып сайланады. КАССР халық ағарту комиссариатының алқа мүшесі, “Қазақ тілі”, “Ақ жол” газеттерінің қызметкері, мектеп мұғалімі, 1926-29 жылдары Шымкент педтехникумының директоры болып қызмет істеген. Маман-педагог өзінің тәлім-тәрбие саласындағы бағыт-бағдарын 1918 жылы ақпан айында Семей қаласында шыққан әдеби және ғылыми-қоғамдық “Абай” журналында жариялаған бас мақаласынан аңғартады. Онда Аймауытов: “…қазақ сахарасында мыңмен жалғыз алысып, жапа шеккен ұлы ағартушы Абайдың көздеген мақсаты халқын өнер-білімге, оқуға, отырықшылыққа, мәдениетті ел дәрежесіне жеткізу еді”, – деп жазады. Ол Абай ұстанған ағартушылық жолды тыныс-тіршілігінің негізгі арқауы етіп алды. Aры қарай оқу

АҒА БУЫННЫҢ ӨНЕГЕ-ТӘЛІМІ КӨП

«Өмір деген күрес», – дейді ғалымдар. Өмірде көпті көрген, өз тәлімін өзгеге де молынан үйретіп келе жатқан, ел қатарлы атажұртқа қоныс аударған аға буын өкілдері Торғай ауылын мекен етуде. Бұл кісілердің талай ерлік істері жайында естіп те, кеңесіп те, жүретінбіз. Бүгін тағы да кездесудің сәті түсті. Сөз орайын жақсы түсінетін әзілді де әңгімені де қызыға тыңдайтын ерекше қасиетке ие адамдар. Бұл жолы кенже жиенінің үйлену тойында жолықтық. Қыз, күйеу баласы алпыстың бел ортасынан асқан ел ағалары. Бұлардың ата-енесі Уатхан Әділқожаұлы мен Үмітхан Түсіпқызы өткен ғасырдың елуінші жылдарының басында өз жүрек қалауымен қосылып шаңырақ көтергеннен бері «Темір той» мерзімінен асып «Тас той» мерзіміне де таяп қалыпты. Өмірдің ащы-тұщысын бірге көрген, екі ұл, бес қыздан ұрпақ өсіп-өнген үлкен бір әулетке айналды. Aры қарай оқу

ЖӘДІГЕР СЫРЫ

Былтыр Бөгенбай батыр атындағы тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері Ерейментау ауданына қарасты Ажы, Бозтал, Өлеңті, Қарағайлы, Еңбек ауылдарын аралады. Сапар барысында халықтың қастерлеп сақтаған бұйымдарын жинады, музейді құнды экспонаттармен толықтырды. Ішінде тарихы сырға толы жәдігерлер мол ұшырасады.
Олардың бірі 1939 жылы Қарағайлы елінің тумасы Сүлейменов Бүркіт есімді шебер жасаған күміс қапсырмалар. Бас қосқалы бір перзентке зар болған Зәйни апамыздың әкесі Қадырхан мен анасы Батиха ағамыз 60 жасында, жеңгеміз 50 жасқа келгенде тұңғыш рет құрсақты болып, дүниеге нәресте келеді. Бұл отбасының қуанышын ел болып бөліскенде үлкендер ақылдаса келе, нәрестеге Зәйни деп ат қояды. Зәйни – араб тілінен енген сөз, қазақша аударғанда әшекей ұғымын білдіреді екен. Көп жылдар бойы Алладан сұрап алған перзентіне көз тимес үшін болар, ата-анасы Зәйниді екінші атпен Шайда атандырып кетеді. Aры қарай оқу

«ОТАНЫМА ДЕГЕН МЕНІҢ БАСТАМАМ»

12 сәуірде облыс орталығы Көкшетау қаласында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында мақала тақырыбымен үндескен облыстық шығармашылық жобалар байқауы ұйымдастырылды.
Бұл іске «Өнерпаз дарынды балалармен жұмыс жөніндегі облыстық оқу-әдістемелік орталығы» мен Ақмола облысы білім басқармасы бірлесе үн қосты. Мақсаты балалардың қоғамдық ұйымдары мен бірлестіктері арасында балалар мен жастардың бастамасын дамытуға ықпал етуге арналды. Бағдарламасы «Менің бастауым – менің ауылыма», «Мен – Қазақстанның азаматымын», «Медиа жобалар», «Қазақстанның жеті кереметі» аталымына негізделді. Байқауда 18 ауданның өнер иелері бақ сынады. Ерейментаудан Гүлзат Бекенова, Әйгерім Амангелдықызы, Назира Жұмағұл, Аяулым Тағанасова топқа қосылды. Балалар өздерінің дайындаған жобасын қорғап шықты, өз ойын тартымды да қызықты етіп жеткізді. Аяулым Тоғанасова «Қазақстанның жеті кереметі» аталымында үшінші орынға ие болды. «Мен – Қазақстанның азаматымын» аталымында Әйгерім Амангелдіқызының еңбегі ерекше бағаланды, грамотамен марапатталды. Жүлделі орын иегерлеріне сыйлық берілді.
Ақпарат пен сурет электронды поштамен алынды.

ОБЛЫСТА БАҒЫ ЖАНҒАН ШӘКІРТТЕР

18-20 сәуір аралығында Көкшетау қаласында ұйымдастырылған Х Махамбет оқуы мен ХХ Абай оқуынан жерлестеріміз сүйінші хабармен оралды.
Облыстың он жеті ауданына қоса Нұр – Сұлтан қаласының, шипажайлы шаһардың «Дарын» мектебінен, №6 орта мектеп-лицейінен, Степногорскінің «Болашақ» мектебінен жалпы 135 ұл-қыз өнер бәсекесіне жиылды.
Біздің ауданнан Бөгенбай батыр атындағы қазақ орта мектебінің түлектер сыныбынан Асылбек Нұртілек туған жерінің тұғырын биіктетті, «Ел құтқарар ер едім» аталымында топ жарды. Сыныптас досы Бекбаулы Әлішер «Ұлы арман» өнер жарысында күйшілік шеберлігімен төрешіні таңдандырды, екінші сатыға көтерілді. Бұл екі шәкіртіміз аталмыш өнер жарысында бес жыл қатарынан өз білім ордасының намысын сәтімен қорғап келеді. Әсіресе алғашқысының актерлікке бейіміне, келесісінің күй өнеріне ықыласына талай мәрте куәгер болған едік. Aры қарай оқу

БІЗДІҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІМІЗ ҚАНДАЙ?

Қаламыздың Балалар шығармашылық үйінде «Парк шеруі-2019» халықаралық табиғат қорғау акциясына және Ереймен өңірінде туризмді дамытуға арналған дөңгелек үстел жиыны ұйымдастырылды.
Шаршы топқа «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің, аудандық білім бөлімінің, жастардың ресурстық орталығының, аудандық тарихи-өлкетану музейінің, кәсіпкерлер палатасы аудандық филиалының, Нұр-Сұлтан мен Ерейментау қаласындағы бизнес құрылымдарының өкілдері, журналистер жиылды. «Бұйратау» ұлттық табиғи паркі бас директорының ғылым бойынша орынбасары Е.Т.Мизембаев бүгінгі шараның өткізілім мақсаты мен міндетіне тоқталды. Ол өңірімізде төртінші жыл ұйымдастырылған «Парк шеруі-2019» халықаралық табиғат қорғау акциясының ашылымымен орайластырылып отыр. Көпшіліктің назарына ұлттық парк аумағында «Парк шеруінің» өткізіліміне арналған бейнефильмнен танымдық ақпарат ұсынылды. Қызғалдақты негізгі нышанына айналдырған, әртүрлі табиғи өсімдік пен жануарлар дүниесін сақтауды, хайуанаттар мен құс санын көбейтуді негіздейтін көрініс көңілден шықты. Қоршаған ортаға ұқыптылық көзқарас, халық арасында, оқушылар ішінде экологиялық туризмді насихаттау идеясы басты тақырыпқа айналды. Оған «Құмырсқаның илеуін сақта», «Таза бұлақ», «Әрбір құсқа жеке ұя», «Бүкілдүниежүзілік ағаш егу күні» акциясы, суретшілер конкурсы, өңірдің сан түрлі өсімдіктер мен жануарлар дүниесін зерттеуге арналған ғылыми жұмыс, Ұлттық парк қызметкерлерінің мектеп пен колледждегі әңгімесі, концерт, шағын спектакль, басқадай танымдық-тағылымдық шаралар кіреді. Бәрі де туған өлкенің табиғатына жанашырлық ниетіне баланың назарын аудартуды көздейді. Аталмыш акция биыл 23 наурыздан 5 маусымға дейінгі аралықта өткізілмек. Aры қарай оқу

«ТІЛ-ҰЛТТЫҢ ТІРЕГІ»

2019 жылдың 15 -19 сәуірі аралығында Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектебінде мақаламызбен аттас Қазақ тілі апталығы өтті. Сонымен әрбір күніміз тартымды іс-шарамен пысықталды.
Беташар сәтіміз күні Үздік қабырға газетін безендіруге арналды. Әрбір сынып белгілі бір ақын-жазушының өмірі мен шығармашылық қызметіне лайықталған үнпарағын сәтімен қорғап шықты.
Келесі күн «Тәуелсіз еліміздің астанасы», «Ел астанасын несімен мақтан етеміз?» тақырыбында барлық сыныптарда эссе жазуға арналды. Үздік авторларымызға І, ІІ, ІІІ орын берілді.
Мәнерлеп оқу жарысында баршасы тума дарынымен, әншілік-бишілік қабілетімен сахнамызға сән берді.
Апталық аясында пән мамандары ашық сабақ, сыныптан тыс іс-шара ұйымдастырды. Осы жолдардың авторы әріптесі А.Т. Әубәкіровамен 5-6 қазақ сыныбында өткізген «Кім білгір, кім алғыр?» сайысында оқушылар жаңағы екі қасиетімен қайран қалдырды. Жеңімпаз топ сыйлыққа, дипломға қол жеткізді.
Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері Ж.К.Абдуллинаның 2 «б» сыныбындағы, Қ.С.Тағиманованың 10 «б» сыныбындағы тақырыптық ашық сабағы өз мақсатына жетті, жақсы бағаланды.
Соңғы күні апталыққа белсене қатысқан зерделі, өнерлі, дарынды, алғыр оқушыларға Мадақтама қағазы, Алғыс хат табыс етілді. Аудан көлеміндегі түрлі байқауда, оқуда, олимпиадада таудай талабымен, білім-білігімен дараланған ұл-қыздарға арнайы шай мәзірі әзірленді.
Шәкірттеріміздің пәнге қызығушылық-құрметі артқан сайын мемлекеттік тіліміздің бағы мен мәртебесі де еселене бермек.

Фариза БИТАҚОВА,
Т.Шаханов атындағы №3 орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

АҚПАРАТ ХАБАР

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28 бабының 3 тармағына сәйкес, ҚР Президентінің 2019 жылдың 9 сәуіріндегі «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» Жарлығы, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2019 жылдың 10 сәуіріндегі «2019 жылдың 9 маусымына тағайындалған, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына даярлануға, өткізіліміне арналған негізгі шаралардың күнтізбелік жоспарын бекіту туралы» қаулысы негізінде, «Ерейментау», «Ереймен» газетінің редакциясы ҚР Президенттігіне үміткерлерге сайлауалды үгіт жүргізуге арналған баспа алаңын ұсынады.
ҚР Президентінің сайлауы бойынша үгіт материалдарын орналастыруға арналған келісім-шарт бекітілімі үміткерлер тіркелімі тәмамдалған сәттен басталады. Үгіт материалдары, газеттің шығарылым кезектілігіне сәйкес, 2019 жылдың 14 мамырынан 6 маусымына дейінгі кезеңде жарияланады.
«Ерейментау», «Ереймен» газетінің қара-ақ түсті бірінші және екінші бетінде екі тілде мақала берілетін алаңның бір шаршы метрінің құны қосымша құн салығынсыз 180 теңге. Орталық сайлау комиссиясының үміткерлердің тіркелімі туралы шешімі мен БАҚ жетекшісінің атына жолдаған жазбаша өтініші ҚР Президенттігіне үміткерлерге газет алаңын ұсынуға негіздеме болады. Материалдар қағазға басылған дайын үлгіде (әрбір парағына үміткердің әлде оның сенімді өкілінің қолы қойылған қалыпта) және электронды тасығышта ұсынылады.
ҚР Президенттігіне үміткерлердің сайлауалды материалдары алғы төлемі 100 пайыз аударылғаннан кейін, келіп түскен ретіне, шарт бекітілген күніне қарай «Ерейментау», «Ереймен» газетінде жария етіледі.
Еске салатын жайт, Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткерлердің сайлауалды үгітін қамтитын, баспасөзге арналған жарияланымдарға қаржыландыру көзі туралы ақпарат қосылуы тиіс.
Мазмұны «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Заң талаптарымен үйлеспейтін материалдар жария етілмейді.

ҮЙРЕНЕТІН ҮРДІС

Қызылорда облысының тұрғыны Зәріп Мысабековтың тапқырлығы мен жаңалығы елең еткізді. Кәдімгі шыны шөлмектен әуелі аула ішінен монша, ізінше тұрғын үй салып алған. Қыста жылы, жазда салқын болатын баспанасының сәтімен іске қосылғанына отағасы да дән риза. Жаңа үйінің сыртын ашық күйде қалдырса, ішкі қабырғасын сылап алған. Сыртын сумен жауып алуға да әбден болады екен.
Ақсақал кезінде Беларусь елінде әскери парызын өтеген сәтте бөтелкеден салынған ғимаратты аз көрмесе керек. Жаңағы көзбен көргенін есінде сақтаған, уақыт өте келе игілікке асырған шебердің ісі еліктеуге, өнеге тұтуға әбден лайық.
Біздің кәсіпкерлеріміз бен жеке үй, сауда орнын салуды көздеген жерлестеріміз де осы тәжірибені іспен пысықтаса деген ойымыз бар. Бір жағынан көшеде, тоғай-саябақ баурайында бей-берекет шашылатын шыны ыдыстан арылып, айналамыз бір тазарар еді. Екіншіден, бұл арзан да дайын құрылыс материалы ғой.