БЕЙҚАМДЫҚҚА ТІЛІМІЗДІ ТІСТЕЙМІЗ

Сәуірдің алғашқы күндерінде жәрмеңке қалашығында балалардың қалай футбол ойнап жүргенін аңғардық. Ойынға қажетті нышанның бәрі осы жерден табылды.
Байыптай келсек – олар таза, құрғақ алаңға шығып жүрген, футбол секциясына қатысатын оқушылар екен. Бір таңқаларлығы: ересектер кеткеннен кейін ойыншылардың орнын жақын маңайдағы үйлерден жиналған кішкентайлар алмастырды. Біз бапкерге жолықтық та, аяқдопшыларымыздың дәстүрлі алаңқайдан қоныс ауыстырған себебін сұрастырдық. Ол жердің әзірше сыз тартқаны, тазартылмағаны белгілі болды. Әйтседе балалар шуақты күннің аясында бой сергіткенді жөн көреді. Әрине, қаламыздағы бірегей аяқдоп алаңының қазіргі жағдайы қызықтырды. Біз суретке түсірген сәтте ертегідегі Алдар Көсенің шапанына ұқсаттық. Мүмкін, бұрынғы төсем қалдықтарын жинап алып, орнына жаңасын төсеуіміз керек шығар. Секцияға ер балалар барады. Тек, неге екені белгісіз, көп жеріндегі темір торлы қоршауы жұлынып қалған. Оны ұқыптылық ниетпен өз күшімен жөндеп алуға әлде қысқаш ұстауға, сым бұрауға қолының ебі келетін ата-ананы шақыруға болар еді. Ізінше маңайдағы жандар бізге жастар айналысатын Стрит воркаут алаңына баруымызды ұсынды. Ниет болса – бұлшық етті жан-жақты шынықтыруға әбден болады, оған лайықты жаңа құрал-жабдық баршылық, алайда… Себебі алаң тағы да ұсақтап сындырылған бөтелкеге лық толы. Жастардың ең «ширақ» шоғыры шыны ыдысты сындыру мақсатына тренажерды пайдаланатыны белгілі болды. Түбірімен бұратылған кіреберіс темір шарбағы да күші тасығандардың ермегіне айналыпты. Редакцияға кері қайтар жолда балалар алаңының төңірегі арқылы өттік. Бұл жерде де кішкентайлар аттракционының қатары азайған, яғни оны ересек балалардың істен шығарғаны айтпаса да белгілі. Құм алаңқайына құм төселмеген, бір жақ бүйірі жұлынып қалған, бейқамдығымызға іштей наразы екенін анық байқата ма, қалай өзі?!
Раушан БАРЖАҚСЫ.
Суретті түсірген автор.

САПА МӘСЕЛЕСІ ТҰРАҚТЫ НАЗАРДА

Биыл №1 орта мектептің күрделі жөнделімі жоспарланған болатын. Ол -қаламыздағы байырғы білім ордаларының бірі. Тарихи дерекке жүгінсек – үш қабатты кірпіш үйдің алғашқы іргетасы күншығыс өңірімізде осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын қаланған еді.
Игі істің негізгі тапсырыс иесі – «Аудандық білім бөлімі» мемлекеттік мекемесі. Нұр-Сұлтан қаласындағы Дархан Рысмағамбетов басқаратын «УРПЕК-СЕРВИС» ЖШС орындаушы ретінде жұмыс атқармақ ниетте.
Құрылысшылар тобы қазірдің өзінде ер балалардың технология пәні кабинетін қайта жоспарлауға кірісіпті.
Оқу орнында депутат Юрий Адайкиннің бастамасымен бюджет мәселесіне арналған тұрақты комиссияның көшпелі отырысы өтті. Күн тәртібіне №1 орта мектеп ғимаратының күрделі жөнделім мәселесі енгізілді. Форумға жиылғандар – аудандық мәслихаттың хатшысы Қайрат Махметов, халық қалаулылары бастапқы жұмыс барысына көңіл аударды. Сметашы-инженер Ринат Мұсатаев, прораб Амангелді Серікбаев комиссияның назарына үйдің әрбір қабатының кең ауқымды сызбанұсқасын ұсынды. Жобаны дайындаған автор – «Астана Быт Сервис ЛТД» ЖШС. Құжат бойынша техникалық бақылау жүргізген – «Alash Servic» ЖШС. Депутаттар Юрий Адайкин, Нұртас Маңдаев бетон құймалы төсемінің астынан салқын су мен жылу құбырының өткізілім технологиясының ескерілуіне назар аударды. Мастерлер түсіндіргендей, астыңғы жағында сантехниктер жұмыс істей алатын екі люгімен биіктігі 85-90 сантиметрлік екі шахта қарастырылатын болады. Мектеп директоры Төлеген Дүйсенов бөлмелерді қайта жоспарлағанда әрбір қабаттан ұл мен қызға бөлек-бөлек әжетхана қарастыруды ұсынды. Суағарымен сыртқы төбе жөнделімі, ағаш терезесінің үш қабатталған шынымен пластикке ауыстырылымы, баспалдақ алаңындағы темір тұтқыш айырбасталымы – бәрі-бәрі жобалық-сметалық құжаттамада қарастырылған. Aры қарай оқу

МЫҢ СҰРАҚ

Құрметті Сайлау және «Ерейментау нұры» газетінің Құрылтайшылары!
Сіздерді Ерейментау аудандық газетін ашқандарыңызбен құттықтап, газетке жүктелетін міндеттерді абыроймен атқаруларыңызға тілектеспін. Бұл маған күтпеген жағдай болды.
«Бұл қалай?!» деген бір сұрақтың артынан құрылтайшылар мен аудан әкімдігінің газетке жауапты қызметкерлеріне мың сұрақ кезекте тұра қалса да, менің қолымнан не келмек, тек қана азаматтық парыз бен көзқарас және көңіл-күйімді білдіру.
Біріншіден, құрылтайшыларға өз тарапымнан ешқандай қарсылығым жоқ екенін баса айтпақпын. Бұл –тендер. «Заманың қандай болса, бөркіңді солай кидің» кері ғой.
Екінші. «Сексен бес жылдық тарихы бар Ереймен баспасөзінің «Қарашаңырағының» күні не болмақ?! Шаңырағы опырылып ортаға түсті деген осы болар.
«Ереймен» мен «Ерейментау» газеттерінің жылжымайтын мүлкі болмаса да, дүниедегі ең қымбат оншақты адам ресурстарының жалақысы мен жылдың аяғына дейін газетке жазылып қойған адамдар алдындағы жауапкершілікті қалай өтемек?! Өмір бойы қаламнан басқа күрек ұстамаған аталған бұрынғы газет қызметкерлеріне сәйкес жұмысты кім тауып бермек?!
Бұрынғы редакция жұмысын қай уақытта тоқтатып, жаңа газет қашан шыға бастайды және оған жазылу реті, әр оқырман үйіне жеткізілуі қалай болмақ?! Жаңа құрылтайшылардың бұрынғы қызметкерлерге қандай көмегі тимек?!
Газет қызметкерлері қала өңірдің күнделікті тыныс-тіршілігімен біте қайнасып, жаяулап-жалпылап күннің ыстық-суығына қарамай, қажет болғанда, қалам мен қағазын және фотоаппаратын арқалап, жүре алмайтын қариялармен де сұхбаттасып жүреді. Осындай мүмкіншіліктер жаңа құрылтайшыларда болар ма екен?». Компьютерде теріп, электронды поштамен жібере алмайтындар мақалаларын қалай жібермек?!
«Тере берсең, тезек көп» дегендейін, әзірше осы да жетер. Сайлау, бауырым, рұқсат болса, бұл мақаламды газетке жарияларсың (электронкамен жібердім). Ешкім пікір білдірмесе де, кәрі қойдың ақырғы аяқ серпігенін солардың атынан да деп ұғынар.
Мейрам БӨКЕШ.
14.13.2019 жыл.

ҚАЖЫРЛЫЛЫҚ ПЕН ҚАЙСАРЛЫҚТЫҢ ҮЛГІСІ

«Тың игерілімі – ХХ ғасырдың ауқымды әлеуметтік-экономикалық жобасы, әлемдік тарихта оған теңесетін ештеңе болған жоқ».

Н.Ә. НАЗАРБАЕВ

Тың игерілімі 1954-1965 жылдары КСРО-да астық өндірісін молайтуға арналған амал болатын. Істің мәнісі Қазақстан, Еділ, Орал, Сібір, Қиыр Шығыс пен Қырым өңіріндегі аумағы ат шаптырым тың жерді айналымға енгізуге негізделді. Жалпы жаппай тың игерудің алғашқы кезеңінде (1954-1956 жылдары) республикаға 640000 адам келді. Олардың ішінде 391500 механизатор, 50000 құрылысшы, 3000-ға жуық медицина маманы, 1500-ге жуық мұғалім, 1000-нан астам сауда қызметкері болды. 1954 жылдың тамызына таман Қазақстанда 6,5 миллион гектар жер жыртылды. 1955 жылдың басында өңделген жер алаңы 8,5 миллион гектарға кеңейді, жаңадан 90 совхоз құрылды. 1954 жылдың күзінен бері 250 совхоз құрыла бастаған екен. Бұдан бөлек, туысқан республикалардың механизация училищелерінің 66700-ден астам, Қазақстан училищелерінің 19800-ден астам түлегі совхоздарда жұмыс істеді. Тың игерілімі ешқандай алғы дайындықсыз жүргізілді. Тұрғын үй мен техника жөндейтін шеберхананы айтпағанның өзінде, инфрақұрылым, жол, астық қоймасы, білікті маман жоқ еді. Елде құрастырылған трактор, комбайн тыңға жөнелтіліп жатты. Студенттер каникул уағында, механизаторлар іссапармен маусымдық жұмысқа жұмылдырылды. Тың көтерілімі жергілікті халыққа жеңіл міндет болған жоқ. Өйткені ғасырлар бойы төрт түлік малына сенген қазақтарға бұрынғы өмір салтын өзгертуге, диқаншылыққа бет бұруға тура келді… Әйтседе жаңа іске аянбай, белсене қатысуға ауыл тұрғындарының күш-жігері де, ақыл-парасаты да, молынан жетті. Қазақ халқы тарих төрінен құрметті орынды иеленді. Қазақстандағы шұрайлы жердің негізгі бөлігі адамы аз, алыс өңірде болатын. Тың шаруашылығын толықтыратын адам күші жетпей жатты. Мамандар елдің өзге өңірлерінен шақырылды. Нәтижесінде жалпы 6 миллионнан астам адам қазақ жерінде тұрақты қонысын тапты. Aры қарай оқу

ЕКАТЕРИНБУРГ – ӨНЕРЛІЛЕР ОТАНЫ

«Лидер» балалар бишілер ансамблі 12-14 сәуірде Орал астанасында өткен «Открытые страницы, Екатеринбург» бірінші халықаралық конкурсына шақырылды.

Өнер жарысына бүкіл Ресейден дарынды балалар, бұрынғы одақтас елдерден көп қонақ шақырылды. Біз әдеттегідей 14-18 жас аралас санаттағы халықтық аталымында бағымызды сынадық. Қыздар «Салтанат», «Бостандык» биін өз мәнерімен билеп берді, бүкіл көрерменді өз елінің мәдениетімен таныстырды, кәсіби төрешінің жоғары бағасын иеленді. Ресей конкурсы ұдайы жинақылығымен, кәсіби төрелігімен дараланады, Міндетті түрде барлық нөмір егжей-тегжейлі талданады. Біздің хореографымыз Ирина Константиновна ақылдастар жиынынан риза көңілмен оралды, жұмысы жоғары бағаланған, өнерпаздарымыздың дайындығына бәрі тәнті болған. Қыздар жоғары санатты педагог Антон Лавровтың заманауи хореографияға арналған «Основы импровизации» шеберлік сыныбына қатысты. Мәдени бағдарлама ауқымы да кең. Қала ішіндегі мәдени орындарға, храмға, Ельцен орталығына саяхаттадық, кинотеатрдан «Счастье это….» фильмін тамашаладық. Түлегіміз Денис Зиничтің Екатеринбургте болғаны бізге молынан септесті. Үш күн бойы жанкүйер әрі гид ретінде қасымыздан табылды. Міне ұжымымыз қандай! Гала-концертке іріктелген жеті нөмірге біздің «Салтанат» биіміз де ілікті. Олармен бірге сүйкімді түлектеріміз Нұргүл Жұмабекова, Жансая Қалиева, Әмина Батырбекова топ мәртебесін еселеді, бүкіл шара бойы жеңімпаздарға кубок ұсынды. Марапаттау рәсімі ұйымдастырушылардың он-лайн сайтынан көрсетілді. Ата-аналарымыз барлық оқиғаны сабырмен тамашалады, нәтижесін бізбен бірге күтті. Aры қарай оқу

ЕТ ДАЯРЛАНЫМ НЕГІЗІ МЕН КЕЛЕШЕГІ

Үкіметтің жуырдағы мәжілісінде елдің 2019 жылдың бірінші тоқсаны ішіндегі әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері қаралды. Межелі істің басым бағыттарына қоса республикалық бюджеттің атқарылым реті белгіленді. Шикізаттық емес экспортты өрістету, Ұлттық экспорттық стратегияны іске асыру реті әңгімеге негіз болды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы Сапархан Омаров осы жиында сөйлеген сөзінде өз саласындағы міндеттердің жүзеге асырылымы туралы ақпарымен бөлісті.

Сонымен, мемлекеттік агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасында өңделген ауыл шаруашылығы өнім экспортын 2021 жылға дейін 2,4 миллиард долларға дейін жеткізетін жоспар баршылық. Былтыр жалпы 3,5 миллион тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды, экспорт географиясы кеңейтілді, әлемнің 48 еліне тарады.

Айта кететін жайт, елдің ауыл шаруашылығы өнімінің экспорттық әлеуетін республикамыздың өнім дайындаушылары қамтамасыз етіп келеді.

Бүгінгі әңгімеміз Ерейментау ауданының Новомарковка ауылында орналасқан ірі ауыл шаруашылығы жайында өрбімек. «Жаңа береке» ЖШС-нің бас директоры Айдар Сағадиұлы Нығметовпен жүздестік. Тілші сауалына берген жауабында жерлесіміз шаруашылықтың негізгі кәсібі, алдағы басым бағыты, Елорданы азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесін шешуге әлеуетті клиент тартылымы, облыс пен республика нарығына ұсынылатын өнім сапасының жақсартылымы, әрі қарай әлемдік нарыққа шығу ыңғайы аясында әңгіме өрбітті. Aры қарай оқу

БІЗДІҢ ТУРИСТІК ӘЛЕУЕТІМІЗ ҚАНДАЙ?

Қаламыздың Балалар шығармашылық үйінде «Парк шеруі-2019» халықаралық табиғат қорғау акциясына және Ереймен өңірінде туризимді дамытуға арналған дөңгелек үстел жиыны ұйымдастырылды.

Шаршы топқа «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің, аудандық білім бөлімінің, жастардың ресурстық орталығының, аудандық тарихи-өлкетану музейінің, кәсәпкерлер палатасы аудандық филиалының, Нұр-Сұлтан мен Ерейментау қаласындағы бизнес құрылымдарының өкілдері, журналистер жиылды. «Бұйратау» ұлттық табиғи паркі бас директорының ғылым бойынша орынбасары Е.Т.Мизембаев бүгінгі шараның өткізілім мақсаты мен міндетіне тоқталды. Ол өңірімізде төртінші жыл ұйымдастырылған «Парк шеруі-2019» халықаралық табиғат қорғау акциясының ашылымымен орайластырылып отыр. Көпшіліктің назарына ұлттық парк аумағында «Парк шеруінің» өткізіліміне арналған бейнефильмнен танымдық ақпарат ұсынылды. Қызғалдақты негізгі нышанына айналдырған, әртүрлі табиғи өсімдік пен жануарлар дүниесін сақтауды, хайуанаттар мен құс санын көбейтуді негіздейтін көрініс көңілден шықты. Қоршаған ортаға ұқыптылық көзқарас, халық арасында, оқушылар ішінде эукологиялық туризмді насихаттау идеясы басты тақырыпқа айналды. Оған «Құмырсқаның илеуін сақта», «Таза бұлақ», «Әрбір құсқа жеке ұя», «Бүкілдүниежүзілік ағаш егу күні» акциясы, суретшілер конкурсы, өңірдің сан түрлі өсімдіктер мен жануарлар дүниесін зерттеуге арналған ғылыми жұмыс, Ұлттық парк қызметкерлерінің мектеп пен колледждегі әңгімесі, концерт, шағын спектакль, басқадай танымдық-тағылымдық шаралар кіреді. Бәрі де туған өлкенің табиғатына жанашырлық ниетіне баланың назарын аудартуды көздейді. Аталмыш акция биыл 23 наурыздан 5 маусымға дейінгі аралықта өткізілмек. Aры қарай оқу

Қос жүйріктің тағдыры. (Деректі поэма)

1. Жүйріктің тарихы.
Қос жүйрік шынардай жарқылдаған,
Қамалда қалмай барад алынбаған.
Кішісі бесті ат деп аталады Қос,
Үлкені он бір жасты алқымдаған.
Тиекті, Қолбаң, Салбаң ұштасады,
Малдары жаз айында тау асады.
Самал төс, шөбі шүйгін тау етегі,
Шұрайлы мұндай жерден кім қашады.
Сұмын бар аймақтағы бәйгелерде,
Сан мәрте бас жүлдені алды міне.
Ат бабы келіспеген аңғал жандар,
Көреміз деп қайтады ендігі де.
Біреуі туа біткен меншік малы,
Төгілген күлтеленіп құйрық жалы.
Бес жасқа биыл толды үміті көп,
Тор төбел маңдайында болған қалы.
Енесі дәл өзіндей бие еді,
Мойнына жүген құрық тимеп еді.
Тайынан, құнан, дөнен бәйге алып,
Осы жыл аламанға қоспап еді.
Біреуі күні кетіп арба тартқан,
Үстіне неше түрлі жүктер артқан. Aры қарай оқу

ҰСТАЗ – ҰЛЫ ТҰЛҒА

«Адамның адамшылдығы…жақсы ұстаздан болады», – деген Абай атамыз. Бұл – парасатты ұғым. Оқушыға білім нәрін себетін осы сала маманы. Өмірде қандайда бір үлкен белесті бағындырып, жетістікке жетіп жатсаң – бәрі-бәрі тәлімгеріңнің арқасы. Мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап шәкірттің қолбасшысы –мұғалима апайы. «Талантты ұстаздың шәкірті талапты болады»,- дейді. Бұл нақыл сөздің де мағынасы терең. Мен бала күнімде алғашқы ұстазым Ержанова Роза Кәрімбекқызынан көп нәрсе үйрендім. Ол кісі маған әріп танытты, жазуды, оқуды үйретті. «Ұстаз – ұрпақ мақтанышы» дегендей, мен де келешегіме білім көзін ашып берген, биік шыңға жетелеген адамды мақтан етемін. Білікті маманның бізге берген тәрбиесінің бәрін мектеп табалдырығын аттағаннан бастап бойымызға сіңіріп өсеміз. Роза апайымыз еңбекке араласқан ұзақ жылдың ішінде қолынан талай шәкірт ұшқан. Қазір ол кісі зейнеткерлік демалыста, немерелерінің ортасында шаттық өмір сүруде. Шәкірттің келешегіне даңғыл жол салатын, жүрегіне білім дәнін егетін, екінші анаң да болатын, жылылық шуағын төгетін мейірім иесін сыйлаумен қатар еселі еңбегін де бағалай білуіміз парыз. Алғашқы ұстаз кез келген ұл-қыз үшін әрдайым қымбат. Енді қазір өз жетекшімнің жолын қуған мен де 30 жыл ағарту саласында қызметтемін. Бұл менің бала кездегі арманым болатын. Менің ойымша, өз ұстазына еліктеп өскен, әрбір ізгі қасиетін санасына мықтап сіңірген әр қыз бала: «мен мұғалім боламын, – дейді. Сол секілді, мен де Роза Ержанованың бойындағы жан сүйінерлік барлық бағалы қасиетін, ар-намысты ардақтайтын ақыл иесін тани келе, осы қадамға бардым деп ойлаймын. Мектептің негізгі құндылығы оқушы десек, оған жеке тұлға ретінде қарау – мұғалімдердің міндеті. Менің көзімді ашып, алғаш шыңға жетелеген – мақаламның кейіпкері. Мен өзімнің «Әліппе» ұстатқан абзал жаныма шексіз алғысымды айтамын. Деніне саулық, амандық, отбасына береке-бірлік, зейнеткерлік демалысы шаттыққа толы болсын дегім келеді. Ұстамы жақсы шәкірті бар ұстаз бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі.
Айнагүл БОҚАНОВА,
Жаңатұрмыс бастауыш мектебінің директоры.