ДЕМ АЛДЫҚ, БОЙ СЕРГІТТІК, ОЙНАДЫҚ БІЗ

Сенбі-жексенбіде жалпы он алты мектептің әуесқой спортшылары мәдени-спорт кешенінің ойын залына «Мұғалім-2019» аудандық спартакиадасына жиналдық.

Ойыншыларға жылы лебіз арналған, тәуелсіз республикамыздың Әнұраны әуелеген ресми бөлімнен кейін, танымал өнерпаздарымыз Әлішер Бекбаулы күмбірлеген күйімен, Хуанбай Нұрболат әуезді әнімен баршаның бойын сергітті.

Ізінше әрбір жарыстың төрешісі тағайындалды да, білім ордаларының ұжымдары көңілі қалаған ойынға қосылуды ұйғарды.

Таңғы сағат 10. Топқа жіктелген волейболшылар жарысы спорт залынан бөлек, Бөгенбай батыр, Төлеу Шаханов атындағы №3 орта мектепте, дойбы, шахмат, тоғызқұмалақ бәсекесі №2 орта мектеп-лицейде, үшсайыс №3 орта мектепте, үстел теннисі №8 АТК-де өтетін болып келісілді.

Түске дейін іріктеу кезеңінен өтіп келген, қарсыласын сәтімен ұтып шыққан, таңдаған ойын әдісіне төселген үздік командалар, түскі дәмнен кейін мәрелік ойынға қайта жиналды. Сонымен әрбір ойын түрінен толымды нәтиже байқатқан жекелеген мектеп мамандары жүлделі үш орынды қанжығасына өңгеріп жатты. Енді 1-2-3 орынды иеленген жүлдегер әріптестерімізді мақаламызда аталу ретімен бөлек-бөлек тізбектейік. Үшсайыс: №3 орта мектеп; Бөгенбай мектебі; №1 орта мектеп. Дойбы: Еркіншілік орта мектебі; №1 орта мектеп; Тайбай орта мектебі. Үстел теннисі: №2 орта мектеп-лицей; Бөгенбай мектебі; Тайбай орта мектебі. Тоғызқұмалақ: Бөгенбай мектебі; №4 орта мектеп; Еркіншілік орта мектебі. Шахмат: №4 орта мектеп; Новомарковка орта мектебі; Еркіншілік орта мектебі. Городки спорты: Ақмырза мектебі; Бөгенбай мектебі; №4 орта мектеп. Aры қарай оқу

ЖУСАННЫҢ ИСІ

Айласы асқан түлкіден,

Айырған ойын күлкіден.

Шақырып алды қайтадан,

Жусанның исі мүңкіген.

Қалайша кетті елінен,

Табиғат тұнған жерінен.

Алтынды іздеп алыстан,

Байлыққа батпақ кеңінен.

Бәлендей жерде пайда бар,

Сол жерден ақша табылар.

Барғанда іздеп мыс та жоқ,

Адасқан жандар қамығар.

Соғысқа сойқан қатысты,

Білмейді кіммен атысты.

Қуаңды өлке шаң басқан,

Айырмай шығыс батысты. Aры қарай оқу

ЖАҚСЫЛЫҚ ҮМІТІ ҮЗІЛМЕЙДІ

Бүгін ел Президенттігіне үміткерлердің бірінің сайлауалды тұғырнамасына құлақ түрдім. Ол республиканың агроөнеркәсіп кешенін дамытумен орайласқан кейбір бағдарламаның қожыраған себебін түсіндірді. Ауыл шаруашылығын, осы санатта мал өсімін қарыштата тиімді өркендетудің төрт қағидасына: жемазық, сиыр, кадр, жайлылық мәселесіне назар аударды. Ал ауыл адамына бәрінен бұрын еңбегіне лайықты жалақы, тағам, келешегінен үміт күттіретін кадр, тұрмыс жағдайының жақсартылымы қажет.

Бестоғай ауылдық округіне жуырда сапарға шыққан сәтімізде әкім Джомарт Мусинмен әңгімелестік. Жерлесіміз қазіргі көктемгі-жазғы мезгілдегі жағдайды қысқаша сипаттап берді. Округтің өнім дайындаушылары егіншілікті, ішінара мал шаруашылығын өркендетуге ықылас танытады. Табиғи жағдайдың өзі бұл кәсіппен орайласып тұр. Ақмарал Оспанова басқаратын «Аббас групп» ЖШС суармалы жүйе іске қосылатын жалпы 80 гектар алқапқа картоп өсіруді жоспарлады. Тұқым қоры, еңбек құралы қазіргі таңда іске кірісуге толық даярланған. Әкімнің айтуынша, серіктестік халықтың өткен жылғы еңбегіне 3,5 миллион теңге борышын өтеуге уәде беріп отыр. Қазіргі таңда ол 6 адамды жұмысқа алған. Ерлан Сұбханқұлов басқаратын «Алтын Сақа» шаруа қожалығы дақыл баптаудың богарлық тәсіл қолданысымен, 50 гектарға картоп отырғызбақ ниетте. Келешекте тамшылатып суару тәсілі енгізіледі. Егіс жұмысына қажетті техника жиынтығы толық. Aры қарай оқу

БІЗГЕ ҚАНДАЙ ҚАСИЕТ ЖАРАСАДЫ?

Бір келіншек бай көпеске тұрмысқа шықты. Отағасы мата мен киім-кешек сататын, аумағы өте ауқымды дүкен ұстаса да, тым сараң жігіт еді.

Күйеуі бірде үйіне қайтарда тауық ұшасын ала келді де, әйелінен жаңағы құс етінен кешкі дәм әзірлеп беруді өтінді.

Даяр асты үстелге қоятын уақытта ерлі-зайыптылардың үйінің есігін қаққан дауыс естілді. Есікті ашқан саудагер арғы жақта үй иесінен тамақ сұрап тұрған кедейді көрді. Үй иесі жаңағы адамның өтінішінен бас тартты, қатты дауыспен айғайлады да, қуып жіберді.

Осы сәтте сырттағы адам:

-Сені Тәңір жарылқасын, мырзам менің, егер мені мұқтаждық қыспаса, аштықтан ішегім шұрқырамаса, онда сенің есігіңді қақпайтын да едім, – дейді.

Әңгіменің соңын күтпеген үй көпес, кедейдің бет-жүзіне де түстеп қарамастан, есігін тарс жапты. Іле ас үйге келді, дәм ішуге кірісті.

Әйелі:

-Сен неге әлгі байғұстың өзін де, сөзін де елемей, көз алдында есікті сонша қатты жаптың?, – деп сұрады.

Күйеуі:

-Сен менің қандай амал жасағанымды қалар едің, – деп зілдене жауап қайтарды.

Келіншегі:

-Ол кісіге сәл де болса жүрек жалғап алуы  үшін тауығымыздың бір бөлігін, немесе тым болмаса қанатын беруімізге болар еді ғой, – деп жауап берді.

Ашуланған күйеуі:

-Тұтас қанатын бер дедің бе?!! Сен ақылыңнан алжастың ба?!!, – дейді тағы.

Әйелі осы сәтте:

-Онда тым болмаса оған бір ауыз жылы сөз айтсаң нең кетер еді?,-деп сұрақ қойды. Aры қарай оқу

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАНДАР!

«Ерейментау»-«Ереймен» ЖШС редакциясы баспа қызметінің тоқтатылуына байланысты өз тарапынан кешірім өтінеді. Өңір өмірі қамтылатын ақпаратты маусымның соңына дейін газеттің электронды сайтынан, әлеуметтік желіден алуға болатынын естеріңізге салады.

ОҚЫРМАНДАРДЫҢ НАЗАРЫНА!

«Ерейментау»-«Ереймен» ЖШС өзінің баспагерлік қызметін белгіленбеген мерзімге доғаратынын хабарлайды. Арыз-шағым 2-13-57 телефоны арқылы әлде Үмбетей жырау көшесі, 8 үй мекен-жайы бойынша қабылданады.

«Ерейментау»-«Ереймен» ЖШС Riso EZ -370 E маркалы ризограф сатады. Екі туба бояуы, мастер-пленкасы, қағаз бумасы баршылық. Амортизациясы ескерілген бағасы – 450 мың теңге. Анықтама телефоны: 2-13-57.

ОБЛЫС ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ

«Болашақ» балабақшасының тәрбиешісі Нұрсәуле Тасымованың ағарту жүйесіндегі жалпы еңбек өтілі – 11 жыл.

Астана гуманитарлық колледжін, «Көкше» академиясын тәмамдаған білікті маманның педагогика саласында өзіндік қолтаңбасы, жұмыс тәжірибесі мен әдістемесінің бары анық. Заман жаңалығына ден қоюды көздеген бастауыш топ оқытушысы «Мектепке дейінгі балалардың математикалық қабілетін дамытуда ойын технологиясының маңыздылығы» тақырыбы аясында ізденіске толы еңбегін жалғастырып келеді. Уақыт лебімен үйлесім тапқан кюизенер, триз, никитин, воскобович технологиясына да күнделікті жұмыс бабында қарындасымыздың барынша қызығушылық танытатыны, әдістемелік бағытты оқу-тәрбие ісіне енгізуді көздейтіні көңіл толарлық жайт.

Қаламыздың «Болашақ» балабақшасында тәрбиешілік қызмет атқарған 4 жылдың ішінде қызметтестермен де, ата-аналармен де жақын тіл табысып, бүлдіршіндерге де бауыр басып үлгергені – қазақ қызына лайық елгезектігінің, кішіпейілділігінің, инабаттылығының нәтижесі. Күні кеше кішкене күнінен қамқорлығына алған «Балапан» бірінші сәбилер тобы бүгінде оңы мен солын танитын «Балдырған» ересектер тобына өтті. Аманшылық болса, апайынан тиянақты білім, өнегелі тәлім-тәрбие алған, келесі жылы «Даярлық» тобына ауыстырылатын 27 балғын мектеп босағасын аттамақ.

Аудандық «Үздік педагог-2019» байқауында табысқа жеткен маман мектепке дейінгі мекеме қызметкерлерінің облыстық конкурсына жолдама алған болатын. Тиісті бағдарлама бойынша берілген «Менің кәсіби кредом»; «Шығармашылық зертхана»; «Шеберлік сыныбы»; «Мен заманауи педагогпын»; «Портфолио» тапсырмасын тиянақты орындаған Нұрсәуле Тасымова төрешілердің назарына ілікті. Мәртебелі конкурстың «Жаңашыл педагог» атылымында облыстық білім басқармасының басшысы Талғат Жүнісовтың қолы қойылған Құрмет грамотасын, сала қызметкерлері кәсіподағының Грамотасын, ақшалай жүлдесін қанжығасына өңгерді. Бұл да қуанарлық жетістік. Aры қарай оқу

ХАТ ТАСУШЫ ЖІБЕК

Хат тасушы кәсібінің негізі үш ат жегілген арбакештің пошта жеткізген кезеңінен бастау алады. Ол жөнінде ән де жазылды. Бертін оларды пойыз бен ұшақ, телефон мен Ғаламтор алмастырды. Бүгінде әлемнің әр шалғайынан тікелей жылдам хабар алғызатын мүмкіндік мол болса да, пошташы кәсібі, әсіресе ауылда, сұранысын жоғалтпайды.
Әдетте бәрі бұл кісіні әртүрлі көңіл-күймен қарсы алады. Үкілі үмітпен алыстан сүйінші хат-хабар күтеді, айына бір мәрте зейнетақысын, күнделікті мерзімдік басылымын алады.
Жібек Мергенқызы Сосанованың Ақмырза ауылдық округіндегі салалас мекемеде еңбек еткеніне жиырма жылға жуықтапты. Кейіпкеріміз осы өңірдің төл тумасы. Сондықтан өңірдегі Ақмырза мен Жолбасшының әрбір көшесі, үйі, тұрғыны ол кісіге бес саусақтай жақсы таныс. Бүгінде жерлесіміз жалпы 100-ден астам отбасына қызмет көрсетіп келеді. Әдетте қариялар күннің жылы уағында аулада өткенді еске түсіріп, әңгіме шертеді. Қандай басылымды жаздыру, көкөніс баптау негізінде ақылдасады. Негізінен бағасы көңілге қонымды аудандық газетті таңдайды. Өйткені журналдың жазылу құны қаражат ыңғайымен ұдайы үйлесе бермейді. Оқырмандардың көбі ауыл еңбеккері жайында көбірек мақала берілгенін жөн көреді. Aры қарай оқу

ТОРҒАЙДАҒЫ ТОРҚАЛЫ ТОЙ

Ұлы жеңіс – Ұлы күн ! Бұл – Отан үшін өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың халқымыздың шексіз қаһармандығы, мұқалмас қажыр қайратының ең айтулы мерекесі. Отан үшін от кешкен жерлестеріміздің ұмытылмайтын ерлігін паш ететін, жыл сайын тағзым етіп еске алатын Ұлы күн. Торғай жұрты бұл мерекені жылдан-жылға әсерлі тойлауға әдеттенген.Танғы сағат 9-дан бастап батырлар ескерткіші қойылған саябаққа гүл шоқтарын, батыр бабаларының портреттерін көтеріп сабылған жұрт Отан үшін ерлікпен қаза болған жауынгерлердің рухын асқақтата түсті. Жеңіс туралы музыка әуеледі, іле ауыл өнерпаздарының мерекелік концерті де басталып кетті. Жүргізушілер Қалқаман Ардақ пен Абдрахманова Тоғжан ерлікпен қаза тапқан сарбаздардың тізімін мәнерлеп оқып, митнгті жүргізді. Барлық мекеме басшылары кұттықтау лебізімен ескерткіш етегін гүл шоқтарымен көмкерді. Мереке ауыл жазығында жалғасты. Ауыл әкімі Марат Әубәкіровтың бастамасымен екі киіз үй тігілді, ат жарысы, палуан күресі т.б ұлттық ойын өткізілді. Ауыл азаматтары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, белсенділік танытты. Б. Батан киіз үйін тегін тіксе, Ж.Құсайынов, А.Фархат, К.Таханов, Ж.Ахметов, С.Молдабаев, Қ.Әбенов, М.Мухатов, Н.Хамзин, А.Сәрсенбинов, М.Ахметов, М.Есімов,М.Мусин, С.Махажанов, Боранбаев, С.Бойко, Р.Хамзин, Д.Утебаев, Ө.Алиев, Б.Сыздыков, М.Сыздыков, А.Жүсіпов, С. Шакержанов ақшалай демеуші болды. Д.Әлжанов, Б.Атамбеков, Р.Мағұрыпов жарыс жеңімпаздарын марапаттайтын медаль, Мақтау қағазын алдыруға қаржы бөлді. Aры қарай оқу

БІЗ ЖЕҢІМПАЗ ҚАТАРЫНДАМЫЗ

Нұр-Сұлтан қаласында «Рейтинг Успеха» үшінші халықаралық өнер фестивалі өтті. Оған жиналған Қазақстанның, Ресейдің, Қырғызстанның, Өзбекстанның өкілдері де төрешілер алқасына енгізілді. Біздің ұжымға да осы конкурсқа қатысудың сәті түсті. Нәтижесінде жүлделі орын келесідей тәртіппен берілді. «Әнші балапан» тобы «Топтық орындалым» аталымының «Вокал» бөлімшесінде, Хумарберген Өнергүл жетекшілік ететін «Жігер» триосы «Трио аталымында», Қанат Жандәулет «Соло» аталымында бірінші орынды иеленді. Александра Блохина басқаратын «Томирис» қазақ би ансамблі «Стилизация народного танца» аталымының «Хореография» бөлімшесінде екінші орынға табан тіреді. 4-6 жастағы мектепке дейінгілердің «Малышарики» тобының тырнақалды дарыны сахнаны әрлендіре түсті. «Подсолнухи» шығармасымен «Эстрадалық би» аталымында екінші тұғырға көтерілді. Бұл бүгінгідей ауқымды конкурстағы олардың дебюті болды. Өнерпаздар жергілікті Мәдениет үйінде тек жарты-ақ жыл жаттығып жүрсе де, жаңағыдай толымды нәтиже байқатты. Хореографиялық ұжымдар Алматы қаласына Халықаралық салалас өнер конкурсына шақырылды.
Жаңағыдай байқауда бақ сынауға, туған жердің намысын қорғауға мүмкіндік бергені үшін Үмбетей жырау атындағы аудандық мәдениет үйінің, Еркіншілік мәдениет үйінің басшылары Сапар Барлыбаевқа, Сергей Тресцовқа, балаларына қолдау көрсеткен, сенім артқан ата-аналарға алғысымыз шексіз.
(Ақпарат электронды поштамен алынды)